Ұлтаралық татулық пен тұрақтылық жайы сөз болды - Қызылорда облысы

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Қызылордадағы Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың Студенттер сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ұйымдастыруымен «Аймақтардағы этносаяси қатынастар: тәжірибелер мен тұрақтылықтың маңызы» атты семинар болып өтті. Бұл туралы университеттің баспасөз орталығы хабарлады.

Жиын барысында Қазақстандағы этносаралық ынтымақ пен бірлік, Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен этносаралық қатынастарды реттеудегі рөлі, аймақтардағы этносаралық қатынастар мәселелері сөз болды. Қоғам қайраткері Қуаныш Төлебаев Ресейдің 5 облысымен шектесетін Батыс Қазақстан облысындағы этносаралық қатынастардың ерекшелігіне тоқталып, өз тәжірибесімен бөлісті.

Сонымен қатар, Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі т.ғ.к. Н.Мыңжас Сыр өңірінде өмір сүріп жатқан этностардың қоныстану тарихына қатысты деректер келтіріп, ұлтаралық татулық пен тұрақтылықты сақтаудың және оны жетілдірудің мән-маңызына тоқталды. Семинар соңында оқытушы-профессорлар мен студенттер өз ойларын ортаға салып, пікір алысты.