Ұлттар лигасы: Бүгін финалда Португалия мен Испания кездеседі
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан UEFA Ұлттар лигасы А дивизионда финал және 3-орын үшін ойындар өтеді. Финалда Португалия мен Испания құрамалары шеберлік байқасады.
Кездесу Германияның Мюнхен қаласындағы «Мюнхен-Арена» стадионында қазақстандық уақытпен 23:50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Құрамалар бұған дейін 41 мәрте кездесті. Оның 6-ы Португалияның басымдығымен аяқталса, 17-і тең түсіп, қалғанында Испанияның мерейі үстем болды.
Соңғы рет Португалия құрамасы аталған қарсыласын 2010 жылы жолдастық кездесуде 4:0 есебімен басым түскен еді. Содан бері бірде-бір мәрте жеңіске жете алмай келеді.
Ұлттар лигасында Испания құрамасы төртінші топта Дания, Сербия, Швейцарияны артта қалдырды. Одан кейін 1/4 финалда Нидерландты (2:2, 3:3, пенальтиден 5:4) жеңді.
Ал Португалия бірінші топта Хорватия, Шотландия, Польшаны жеңіп, 14 ұпаймен көш басына шықса, плей-офф сатысынла Данияны қосымша кезеңде 5:2 есебімен қапы қалдырды.
Плей-офф сатысында Испания құрамасы Францияны 5:4 есебімен жеңсе, Португалия құрамасы Германиядан 2:1 есебімен басым түсті.
Сондай-ақ бүгін Штутгарт қаласындағы «Штутгарт-Арена» стадионында сағат 17:50-де Франция мен Германия ойнайды. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.