Ұлттар лигасы: Футболдан Қазақстан құрамасының қарсыластары қандай пікір білдірді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан 2024/25 жылғы UEFA Ұлттар лигасында Қазақстанға қарсылас атанған Австрия, Словения және Норвегия құрамаларының бас бапкерлері жеребе жайында пікірін білдірді.
УЕФА Ұлттар лигасының 2024/25 маусымының жеребе тарту қорытындысы бойынша Қазақстан В лигасында Австрия, Норвегия және Словения құрамаларымен бірге үшінші топқа түсті.
Австрия құрамасы ФИФА-ның соңғы рейтингінде 24 орында тұр. Құрамаға 2023 жылдан бері германиялық Ральф Рангник жетекшілік етеді.
«Норвегия - В лигасындағы ең мықты құраманың бірі. Мен Эрлинг Холандпен қайта кездесуді асыға күтемін. Словения да жақсы қарсылас. Өйткені, бізге алысқа сапар шегудің қажеті жоқ. Бұл - Австриямен көршілес ел. Сондықтан Словениямен ойынды жергілікті жекпе-жек деуге негіз бар. Қазақстанға келсек, аталған мемлекет - біздң елден өте алыс. Қаншама уақыт жол жүруге тура келеді. Ендігі кезекте оның мәні жоқ. Жақсы нәтижеге жетуге тырысамыз», - деді ол жеребе жайында.
Ал Норвегия құрамасы ФИФА-ның соңғы рейтингінде 44-орында тұр. Құрамаға 2020 жылдан бері сол елдің өкілі Стооле Сольбааккен бас бапкер қызметін атқарады.
«Топта Австриямен өз алаңымызда және сырт алаңда тең ойнауға болады. Оған сенімдімін. Олар әрдайым шабуылға шығуға күш салады. Физикалық жағынан мықты. Словенияға қарсы мүмкіндігіміз бар. Терезесі тең ойын көрсетеміз деген ойдамын. Олардан есе қайтарғымыз келеді. Қазақстанмен сырт алаңда кездесу оңай емес. Ойындарын көрдік. Стадионда олармен ойын өте жылдам өтеді. Қазақстан 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу сатысында соңғы минутқа дейін топтан шығу үшін күресті. Бұл халықаралық футболдың қандай дәрежеге жеткенін көрсетеді. Біздің топта әрбір құраманың ұпай алу мүмкіндігі жоғары. Бұл біз үшін артықшылық деп ойлаймын», - деді Стооле Сольбааккен.
Тағы бір қарсыласымыз - Словения ФИФА рейтингінде 54-орында келеді.
Бас бапкері Матьяж Кек Словения құрамасының 2018 жылдан бері тізгінін ұстап келеді.
«Біздің топтағы ойын бәсекеге толы болады деген ойдамын. Австрия - Еуропадағы үздік құраманың бірі. Одан бөлек, біз жақында кездескен Норвегия мен Қазақстан бар. Біз жоғары нәтижеге қол жеткізуді үміт етеміз. Ұлттар лигасында жақсы ойнаудың маңызы ерекше. Алдымен С лигасын жеңіп алдық. Одан кейін В лигасында қалдық. Еуропа біріншілігіне жолдама алған ойыншылардың дені Ұлттар лигасы шеберлігімен көзге түскен еді», - дейді ол.
Еске салсақ, Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасы алғашқы ойынында Норвегияны қабылдайды.