Ұлттар лигасы: Қазақстан әйелдер құрамасы Армениядан басым түсті
АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы бүгін UEFA Ұлттар лигасы төртінші турында өз алаңында Арменияны қабылдады.
Аталған ойынға дейін турнир кестесінде ел құрамасы төрт ұпаймен үшінші орында тұрған еді. Алғашқы екі орындағы Люксембургтің -7, Арменияның — 6 ұпай еншіледі.
Бұл топтан алғашқы екі орынға тұрақтаған құрамалар жарыстың келесі сатысына жолдама алады. Онда В дивизионына жолдама сарапқа салынады.
Сондықтан бүгінгі кездесуде құрамалар тартысты ойын өткізетіні анық еді. Ойынның бірінші кезеңінде қарсыластар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Екінші кезеңде қазақстандық Әмина Бибосынова 48, 55-минутта екі мәрте мергендігімен көзге түсті. Одан кейін армениялық футболшылар екі гол соғып кетті.
Ал 71-минутта Әйгерім Айтымова қайтадан Қазақстанды алға шығарды.
Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсіп, турнир кестесінде жеті ұпаймен екінші орынға көтерілді.
Ел құрамасы С дивизионы үшінші тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары — Армения, Люксембург және Лихтенштейн.
Алғашқы екі ойында қазақстандық футболшылар Арменияға 0:2 есебімен жеңілсе, одан кейін Люксембургпен 2:2 есебімен тең түсті. Ал үшінші турда Лихтенштейнді 4:0 есебімен тізе бүктірді.
Енді қазақстандық футболшылар 30 мамырда өз алаңында Лихтенштейнді қабылдаса, одан кейін 3 маусымда Люксембургпен кездеседі.