Ұлттар лигасы: Қазақстан әйелдер құрамасы екі ойын өткізеді

Фото: Фото: Қазақстан футбол федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы UEFA Ұлттар лигасындағы ойындарын жалғастырады.

Ел құрамасы С дивизионы үшінші тобында сынға түсіп жатыр. Қарсыластары - Армения, Люксембург және Лихтенштейн. 

Қазақстандық футболшылар 4 сәуірде Лихтенштейн құрамасымен кездеседі. Ойын Эшен қаласындағы «Шпортпарк Эшен-Мауре» стадионында өтеді.

Одан кейін ел құрамасы 8 сәуірде «Астана Арена» стадионында Армения құрамасын қабылдайды.

Алғашқы екі ойында қазақстандық футболшылар Арменияға 0:2 есебімен жеңілсе, одан кейін Люксембургпен 2:2 есебімен тең түсті. 

Соңғы екі кездесуде олар 30 мамырда өз алаңында Лихтенштейнді қабылдаса, одан кейін 3 маусымда Люксембургпен кездеседі. 

Бұл топтан алғашқы екі орынға тұрақтаған құрамалар жарыстың келесі сатысына жолдама алады. Онда В дивизионына жолдама сарапқа салынады.

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Қазақстан 19 жасқа дейін қыздар құрамасы 2025 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінде алғашқы ойынын өткізді.