Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасы бүгін Словениямен ойнайды

Фото: Фото: ҰОК

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 6 қыркүйекте Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасындағы екінші ойынын Словенияға қарсы өткізеді.

Ел құрамасы В лигасы үшінші тобында Норвегия, Словения және Австрия құрамаларымен сынға түседі.

Кездесу қазақстандық уақытпен 23:45-те басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Аталған ойында тас төреші Жоау Пиньейру міндетін атқарады. Оған отандастары Бруну Алвеш Жезуш пен Лусиану Майя көмекшілік етеді. Төртінші төреші де сол елдің өкілі Жоау Гонсалвеш. 

Өз тарихында екі құрама 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінде кездесіп, екі ойында да қазақстандық футболшылар қарсыласына 1:2 есебімен жол берді.

Ұлттар лигасының алғашқы турында Қазақстан құрамасы Норвегиямен 0:0 есебімен тең түссе, Словения мен Австрия 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Айта кетсек, қазақстандық футболшылар Ұлттар лигасында төртінші мәрте бақ сынайды. Қазірге дейін 20 кездесуде 7 мәрте жеңіске жетіп, 5 мәрте тең ойнаса, 8-де қарсыласына есе жіберді.