Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасы Молдоваға есе жіберді

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан 2026 жылғы UEFA Ұлттар лигасы бесінші турында Молдова — Қазақстан кездесуі аяқталды.

Фото: Қазақстан футбол федерациясы

Қазірге дейін ел құрамасы төрт ойын өткізіп үлгерді. Қазірге дейін отандастарымыз Фарер аралдарымен (1:1, 2:2) екі мәрте тең түссе, одан кейін Словакия (1:2) мен Молдова (1:2) құрамасына есе жіберді.

Ал Молдова құрамасы Словакиядан екі мәрте (0:2, 0:4) жеңілсе, Фарер аралдарымен (1:1) тең түсіп, Қазақстанды (2:0) жеңді.

Нәтижесінде Молдова 4 ұпаймен екінші орында тұса, отандастарымыз 2 ұпаймен соңғы орынды місе тұтты. Сондықтан екі құрама үшін де бүгінгі кездесудің маңызы зор еді.
Алғашқы минуттан алға ұмтылған қарсыластар бір-бірінің қақпасына жылдам гол соғуға тырысты. Дегенмен діттеген мақсатына жете алмай жатты. Ойынның 39-минутында молдовалық Петр Попеску өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ.

Екінші кезеңде қазақстандық футболшылар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Нәтижесінде ел құрамасынан Ислам Чесноковтің 51-минутта алыстан тепкен добы қақпа торында тулап жатты. Одан кейін де ел құрамасының есепті ұлғайтатын бірнеше мүмкіндігі болды.

Есесіне Петр Попеску 77-минутта тағы бір мәрте көзге түсті.
Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді.

Бұл топтағы тағы бір кездесу 13 қарашадан 14-не қараған түні Қазақстан уақытымен 00:45–те Словакия — Фарер аралдары кездеседі.