Ұлттар лигасы: Қазақстан мен Норвегия тең нәтижеге қанағат білдірді
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 6 қыркүйекте Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасындағы алғашқы ойынын Норвегияға қарсы өткізді.
Ел құрамасы В лигасы үшінші тобында Норвегия, Словения және Аустрия құрамаларымен сынға түседі.
Бүгінгі кездесуде Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов алғашқы минуттан шетелдік клубтарда ойнап жүрген Нұралы Әліп, Бактиер Зайнутдинов, Рамазан Оразов, Абат Айымбетов сынды футболшыларды негізгі құрамда алаңға шығарды. Құрама үздіктері Бауыржан Исламхан, Айбол Әбікен, Абзал Бейсебеков және жарақатына байланысты Максим Самородов қосалқы құрамда қалды.
Ал, Норвегия сапында әлем футболының жарық жұлдыздары Эрлинг Холанд («Манчестер Сити», Англия) пен Мартин Эдегор («Арсенал», Англия) алғашқы минуттан ойынға араласты.
Бірінші кезеңде норвегиялық футболшылар тізгінді өз қолында ұстауға тырысты. Олар шабуыл шебінде жиі бой көрсетті. Десе де Игорь Шацкий қорғаған қақпаға айтарлықтай қауіп төндіре қойған жоқ. Қазақстандық құрама негізінен қорғанысқа көбірек көңіл бөлді.
Екінші кезең басталғаннан Эрлинг Холанд пен оның командалас әріптестері алға қарай ұмтылды. Десе де діттеген мақсатына жете алмай жатты. Кейбір сәтте қазақстандық футболшылардың да гол соғатын мүмкіндігі болды. Қос құрама 0:0 есебіне қанағат білдіріп, тең тарқасты.
Енді ел құрамасы 9 қыркүйекте сырт алаңда Словениямен шеберлік байқасады.