Ұлттар лигасы: Қазақстан Албаниядан есе қайтара ала ма

НҰР-СҰЛТАН. - ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасы сырт алаңда Албаниямен шеберлік байқасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу бүгін, 15 қарашада елорда уақытымен 22.50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Естеріңізге сала кетелік, екі құрама С лигасы төртінші тобында сынға түседі. Олардан өзге Беларусь және Литва құрамалары бар.

Алғашқы төрт турдан кейін Беларусь жеті ұпаймен көш бастап тұр. Одан кейінгі орындардағы Албания мен Литва құрамаларының еншісінде бес-бестен ұпай бар.

Қазақстан құрамасы бұдан бұрынғы ойындарда 1 мәрте жеңіске жетіп, 1 мәрте тең түсіп, 2 ойында қарсыластарына есе жіберіп қойды. Алдымен 4 қыркүйекте сырт алаңда Литваны 1:0 есебімен жеңіп, 7 қыркүйекте өз алаңында Беларусьтен 1:2 есебімен жеңілді. Одан кейін өз алаңында Албаниямен 0:0 есебімен тең түсіп, сырт алаңда Беларусьтен 0:2 есебімен сүрінді.

Қазақстан мен Албания құрамалары UEFA Ұлттар лигасына дейін екі мәрте кездесті. Алдымен екі құрама 2006 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңінде екінші топта бақ сынасты. 2004 жылдың 13 ақпанында Алматыда өткен кездесуде қазақстандық құрама қарсыласына 0:1 есебімен жол беріп қойды. Ал 2005 жылдың 9 қыркүйегінде сырт алаңда қазақстандықтар 1:2 есебімен жеңілді.

Албания құрамасы 1929 жылдан бері түрлі сайыстарда ойын көрсетіп келеді. Дегенмен FIFA-ға 1932, UEFA құрамына 1954 жылы қабылданды. 2016 жылы өз тарихында тұңғыш рет Еуропа чемпионатының финалдық кезеңінде бақ сынады. Өз тобында үшінші орын алып, жарыстың келесі сатысына шыға алған жоқ. FIFA жариялаған соңғы рейтингте Қазақстан 118, Албания 69 орында тұр.