Ұлттар лигасы: Қазақстан Албаниядан қарымта қайтара ала ма

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан UEFA Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасы өз алаңында Албаниямен шеберлік байқасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу елорда уақытымен 19.00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Естеріңізге сала кетелік, екі құрама С лигасы төртінші тобында сынға түседі. Олардан өзге Беларусь және Литва құрамалары бар.

Аталған құрама 1929 жылдан бері түрлі сайыстарда ойын көрсетіп келеді. Дегенмен FIFA-ға 1932, UEFA құрамына 1954 жылы қабылданды. 2016 жылы өз тарихында тұңғыщ рет Еуропа чемпионаты финалдық кезеңінде бақ сынады. Өз тобында үшінші орын алып, жарыстың келесі сатысына шыға алған жоқ. FIFA жариялаған соңғы рейтингте Қазақстан 118, Албания 66 орында тұр.

Албания құрамасы сапында Еуропадағы белді клубтарда сынға түсіп жүрген футболшылар аз емес. Олардың қатарында Италияның СПАЛ, «Лацио», «Аталанта», «Эмполи», «Пескара» командаларында ойнайтын қақпашылар - Этрит Бериша, Томас Стракоша, қорғаушылар – Берат Джимсити, Фредерик Весели, жартылай қорғаушылар – Ледиан Мемушай бар. Сондай-ақ, Испанияның «Малагасында» жартылай қорғаушы Кеиди Бара, «Альбасетеде» шабуылшы Рей Манай сынды футболшылар ойын көрсетеді. Нидерланды, Ресей, Австрия, Словакия, Түркия, Швейцария, Германия, Дания, Грекия, Финляндия елдерінде доп тебетін футболшылар да ұлттық құрама сапына шақыру алған.

Қазақстан мен Албания құрамалары бұдан бұрын 2006 жылғы әлем чемпионаты іріктеу кезеңінде екінші топта бақ сынасты. Алдымен 2004 жылдың 13 ақпанында Алматыда өткен кездесуде қазақстандық құрама қарсыласына 0:1 есебімен жол беріп қойды. Ал 2005 жылдың 9 қыркүйегінде сырт алаңда қазақстандықтар 1:2 есебімен жол беріп қойды. Қазақстан құрамасы сол кеткен есені қайтара ала ма?

Қазақстан құрамасы бұдан бұрын екі кездесу өткізді. Алдымен 4 қыркүйекте сырт алаңда Литваны 2:0 есебімен жеңіп , 7 қыркүйекте өз алаңында Беларуське 1:2 есебімен жеңіліп қалды.


Фото: kff.kz