Ұлттар лигасы: Қазақстан Албанияға есе жіберді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дәл қазір UEFA Ұлттар лигасындағы Қазақстан мен Албания құрамалары арасындағы кездесу аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік , екі құрама С лигасы төртінші тобында сынға түседі. Олардан өзге Беларусь және Литва құрамалары бар.

Бүгінгі кездесуде албаниялық футболшылар өздеріне сенімді ойын көрсетті. Нәтижесінде 16-минутта Сокол Чикапеши есеп ашты. Ал 23-минутта Ардиан Исмайли есепті үстемелей түсті.

Бұдан кейін қызық жағдай орын алды. Ойынды алаң ортасынан бастаған Айбол Әбікен допты қарсыластар қақпасына әуелете тепті. Оған албаниялық қақпашы Этрит Бериша қауқар көрсете алған жоқ.

Екінші кезеңде қазақстандық футболшылар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Дегенмен өз айып алаңында ереже бұзып, Стас Покатилов қақпасына пенальти белгіленді. Оны Рею Манай мүлт жіберген жоқ.

Бүгін аталған топтағы Беларусь өз алаңында Литваны 2:0 есебімен жеңді.

Бес турдан кейін 10 ұпаймен Беларусь көш бастап тұр. Одан кейінгі орындағы Албанияның 8, Литваның 5 ұпайы бар. Төртінші орындағы Қазақстан еншісінде 4 ұпай жазылған.

Енді Қазақстан құрамасы 18 қарашада өз алаңында Литваны қабылдайды. Екеуі алдағы уақытта D лигасына түсетін соңғы орындағы құраманы анықтайды.