Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасы жаңа турнирде жеңімпаз бола ала ма
Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан құрамасы Д лигасында ойын көрсетеді. Онда рейтингісі төмен командалар бақ сынайды. Біздің құрамаға қарсыластар - Грузия, Латвия және Андорра құрамалары. Сондай-ақ, аталмыш лигада 2 топта Молдавия, Беларусь, Люксембург және Сан-Марино, 3 топта Әзербайжан, Мальта, Фарер аралдары және Косово, 4 топта Армения, Македония, Лихтенштейн және Гибралтар құрамалары сынға түседі.
2018 жылдың қыркүйек пен қараша айлары аралығында қатысушылар бір-бірімен өз және сырт алаңда ойнайды. Осылайша, командалар халықаралық футбол күнтізбесіне сай төрт немесе алты матч өткізеді. Топ жеңімпаздарының класы жоғарылайды, ал соңғы орын алғандары келесі жарысты төменгі лигадан бастайды. Әрбір топта жеңімпаз болған құрамалар жоғарылайды. Соңғы орын алғандары келесі жарысты төменгі лигалардан бастайды.
Ендігі кезекте бүгінгі қарсыласымыз - Грузия құрамасы жайында тоқтала кетелік. Кезінде Еуропаның беделді клубтарында доп тепкен Шота Арвеладзе, Георгий Деметрадзе, Кахабер Каладзе сияқты таланттар шыққан құрама бүгінде ондай деңгейде көріне алмай келеді. Сондықтан, рейтингісі төмен құрамалар қатарына қосылып отыр.
1990 жылға дейін грузин футболшылары КСРО құрамасы сапында ойын көрсетті. 1990 жылдың 27 мамырында Грузия құрамасы алғашқы халықаралық кездесуін Литва құрамасына қарсы өткізді. Ойын ел астанасы - Тбилиси қаласындағы Борис Пайчадзе стадионында өтті. Бұл ойында қос құрама 2:2 есебімен тең түсті.
Грузия алғашқы ресми кездесуі 1994 жылдың 7 қыркүйегінде болды. 1996 жылғы Еуропа біріншілігіне іріктеу кезеңі аясында Молдавия құрамасын қабылдады. Бұл ойында грузиндер 0:1 есебімен жеңілді. Десе де, сол іріктеу кезеңінде бүгінгі қарсыласымыз өз тобында үшінші орын алып, Молдавия, Албания және Уэльс құрамаларын артта қалдырды. Екінші орындағы Болгарияны жеті ұпай алға жіберді.
Ал 1998 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде өз тобында төртінші орын алды. Құрама қоржынында 10 ұпай бар. Олар Польша құрамасымен бірдей ұпай жинады. Дегенмен, доп айырмасы бойынша ғана алға салып қойды. Сол кезеңде грузиялық құрама ФИФА рейтингінде 42-орынға табан тіреді. Бұл әзірге құрама тарихындағы ең үздік көрсеткіш болып табылады.
Одан кейінгі кезеңдерде олар мұндай деңгейде көріне алмай келеді. 2000 жылғы Еуропа біріншілігіне іріктеу кезеңінде өз тобында көш соңында қалып қойды. Онда небәрі 3 ұпай ғана жинады. Ал 2010 жылғы әлем біріншілігіне іріктеу кезеңінде ең төменгі көрсеткішке құлдилады. Бірде-бір кездесуінде үш ұпайды қоржынға сала алған жоқ.
ФИФА-ның соңғы рейтингінде Грузия 96-орында тұр. Ал Қазақстан құрамасы 116-орында келеді. Қазіргі таңда құрама сапында Еуропа командаларында бақ сынап жүргендер аз емес. Десе де, олардың барлығы кәрі құрлықтың ортанқол біріншіліктері екенін жанкүйерлер жақсы біледі. Ресей, Украина, Швейцария, Австрия, Польша елдерінде доп теуіп жүргендер көп. Тіпті, аталмыш құрама сапындағы Джаба Канкава, Ника Квеквескири Қостанайдың «Тобыл», Джамбул Джигаури «Ақтөбе» намысын қорғайды.
Қазір Грузия құрамасының бас бапкері қызметін Владимир Вайсс атқарады. Словак маманы біздің қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Ол 2013-2015 жылдарда Алматының «Қайрат» командасына жетекшілік етті.
Қос құрама бұдан бұрын 4 мәрте кездесті. Оның 2-еуі тең аяқталса, қос құрама бір-бірден жеңіске жеткен. Алғашқы екі ойын 2006 жылғы әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде болды. 2005 жылдың 17 тамызында Алматыда Грузия құрамасы Қазақстанды 2:1 есебімен тізе бүктірсе, сол жылдың 8 қазанында біздің жігіттер олармен 0:0 есебімен тең түсті. Қазақстан құрамасы одан кейін араға сегіз жылдай салып Грузиямен жолдастық ойында қайта кездесті. 2013 жылдың 14 тамызында Астанада болған ойында біздің құрама олардан 1:0 есебімен басым түсті. Ал 2016 жылдың 29 наурызында Тбилисиде болған жолдастық ойында қос құрама 1:1 есебіне қанағат білдірді.
Алдағы ойын жайында Грузия құрамасының бас бапкері Владимир Вайсс былай деді:
«Грузия мен Қазақстанды басты фаворит санау ертерек. Латвия мен Андорра да өздерінің шеберлігін көрсетуге тырысады».
Ал Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов «Мен өз шәкірттеріме сенемін. Құраманың соңғы үш ойыны біздің жігіттердің деңгейін таразылап берді» деді.
Айта кетелік, биыл Қазақстан құрамасы С. Стоиловтың жетекшілігімен үш жолдастық кездесу өткізді. Венгрия жерінде 23 және 26 наурызда аталмыш елдің құрамасын 3:2 есебімен тізе бүктіріп, одан кейін Болгарияға 1:2 есебімен есе жіберді. Ал 5 маусымда Астанада Әзербайжанды 3:0 есебімен ойсырата жеңді.
Қазақстан мен Грузия құрамалары арасындағы кездесу Астана уақытымен 20.00-де басталады. Ойын «Астана-арена» стадионында болады. Кездесу «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Сондай-ақ, бүгін осы топтағы Латвия мен Андорра құрамалары өзара шеберлік байқасады.