Ұлттық антифрод орталығы 68 млрд теңге көлеміндегі алаяқтықтың алдын алды - Ұлттық банк

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Бірыңғай QR жүйесінің таныстырылымында айтты.

Фото: Freepik

– 2024 жылы Ұлттық антифрод орталығын құрып, қазір оның әлеуетін кезең-кезеңімен күшейтіп келеміз. Осы уақыт ішінде 165 мың алаяқтық жағдай анықталды. Егер олардың едәуір бөлігі іске асқанда, ондаған мың азамат қаржылық шығынға ұшырар еді. Қазірдің өзінде Ұлттық антифрод орталығының көмегімен 68 млрд теңге көлеміндегі қаржылық алаяқтықтың алдын алдық, – деді Тимур Сүлейменов.

Оның айтуынша, бұл тек Ұлттық банктің емес, екінші деңгейлі банктердің, мемлекеттік органдардың және басқа да ұйымдардың бірлескен жұмысының нәтижесі.

— Алаяқтықпен күресу үшін барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың үйлесімді жұмысы қажет. Осы мақсатта Ұлттық антифрод орталығы банктерді, құқық қорғау органдарын және өзге де қатысушыларды бір жүйеге біріктіріп отыр, - деді спикер.

Еске салайық, бүгіннен бастап банктердің басым бөлігі бірыңғай QR жүйесін іске қосты.