Ұлттық архив деген атауы емес, мәртебесі керек – Мәрзия Жылысбаева
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыдағы Орталық мемлекеттік архив – XVI ғасырдан бүгінге дейінгі қазақ тарихының алтын қоры сақталған бірегей мекеме. Архив директорының орынбасары Мәрзия Жылысбаева мұрағаттың қызметі, қазіргі жағдайы және ұлттық мәртебеге лайық екені туралы ой бөлісті.
— Ғасырдан астам тарихы бар орталық мемлекеттік архивте қанша құжат сақтаулы?
— Архивте қазір 1,5 млн құжат бар. XVI ғасырдан осы күнге дейінгі кезеңдер қамтылған. Оның ішінде түпнұсқа деректер XVIII ғасырдың орта тұсынан бастап жиналды. Құжаттарды хронологиясына қарап анықтауға болады. Бұл — Кеңес үкіметіне дейінгі кезең, Уақытша үкімет, Кеңес үкіметі және Тәуелсіздік алғаннан бергі уақыт. Осы кезеңдердегі құнды құжаттарды сақтап отырған жалғыз архив — қара шаңырақ.
Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлына қатысты құжат бізде сақтаулы. Бұдан бөлек, хандық кезеңге қатысты Бөкей ордасы туралы деректер бар. Революция кезінде талай материал жойылып кетті. Сол заманда қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын әрі жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің ықпалымен көптеген құнды дерек орталық архивке түсті.
— Хан Кенесары Қасымұлының қолжазбасында не баяндалған?
— Кенесары ханның бірнеше хаты сақталған. Онда саяси, тарихи және даулы мәселелер көтерілген. Мысалы, жастарға білім беру сияқты мәселелер қозғалған.
— Ұлттық архив пен орталық архивтің айырмашылығы неде?
— Қазір елде ірі архивтер құрылып жатыр. Мәселен, Ұлттық архив — ол ереже бойынша Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап іс қағаздарды жинап, сақтайтын архив ретінде құрылды. Сондай-ақ Президенттік архив бар. Айта кету керек, Орталық мемлекеттік архив бірнеше мекеменің негізін қалады. Соның ішінде кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві бар. Онда белгілі қоғам қайраткерлерінің, мәдениет және өнер адамдарының дауысы жазылған көптеген аудиотаспа мәдени мұра ретінде сақтаулы тұр.
Сондай-ақ орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві бар. Оның қорынан Қазақстанның ғылым мен техника тарихына қатысты құжаттарды табуға болады. Атап айтсақ: еліміздің ауқымды территориясын суландыру жүйесінің жобасы, физика-географиялық және ауыл шаруашылық шолулар, өзендерді зерттеу, гидрогеологиялық, геологиялық және гидротехникалық материалдар, бөгеттер, су қоймалары, су және жылу электр станциялары (СЭС, ЖЭС), магистралды каналдар, тұрғын үй және өндірістік ғимарат жобалары қамтылған. Бұрын орталық зертхана болған, бірақ ол жабылып қалды.
— Мемархивке «Ұлттық тарихи архив» мәртебесін беру туралы ұсыныс айтылып еді…
— Архивтің статусына қатысты мәселе әлі өз шешімін тапқан жоқ. Оның мәртебесін көтеру керек. Бұл мекеме оған әбден лайық. Ұлттық архив бар, бірақ ұлттық статус деген — бөлек дүние. Көбі бізді ұлттық архив деп атайын деп жатыр деп ойлайды. Мәселе онда емес. Мәртебені көтермесек болмайды. Тәуелсіздік алғаннан бергі штаттық үлесіміз қысқарды. Бұрын 200-ден астам адам жұмыс істеген архивте қазір небәрі 90 қызметкер қалды.
Менің ойымша, бұл — орталық мемлекеттік архивке жасалған қиянат. Себебі біздің мекемесіз қазақ тарихы толық жазылмайды. Әрине, кітапханаларда сирек қолжазба бөлімі бар, құнды кітап жеткілікті. Бірақ кітапхана мен архив саласын салыстыруға келмейді. Еуропа елдерінде кітапхана мен архив біріктірілген. Біздің жүйеде бұл мүмкін емес. Кітапхана мен архив — екі бөлек сала. Кітапхана мен музей халықпен тікелей жұмыс істесе, архивтің қызметі — ерекше.
— Архивист мамандар жеткілікті ме?
— Жоғарыда атап өткенімдей, қазір 90-ға жуық адам жұмыс істейді. Оның 58-і — архивист. Яғни жеткіліксіз. Бізде бір маман бірнеше қызметкердің жұмысын атқарып жүр. Қажет болса, заңгер де, қаржыгер де, аудармашы да, қара жұмысшы да боламыз. Жөндеу жұмыстарын да өзіміз жүргіземіз.
Осы тұста жастар тұрақтамайтынын да атап өту керек. Талантты, өз ісін жақсы білетін жастар көп. Бірақ жалақы аз болғандықтан бізден үйреніп, тәжірибе жинақтап басқа жерге ауысып кетеді. Оларды түсінеміз — 150-180 мың теңге ештеңеге жетпейді.
— Архивке құжаттар көбіне қай тілде түседі?
— Тәуелсіздікке дейінгі кезеңдегі құжаттар орыс, төте және шағатай тілдерінде жазылған. Бұл түсінікті. Өкінішке қарай, архивке әлі күнге дейін құжаттар орыс тілінде келіп жатыр. Бұл мекемелер іс қағаздарын өзге тілде жүргізеді дегенді білдіреді. Болашақ ұрпақ қазақ тілінде сөйлесін, ойлансын десек, осыған мән беру керек. Ана тілінде жазылған құнды құжаттар ел қауіпсіздігі үшін қажет. Бір мысал: көрші Өзбекстанның мемлекеттік архивіне кіру үшін өзбек тілін білуіңіз шарт. Ұлттық стратегия болуы тиіс.
— Деректерді цифрлық форматқа ауыстыру қалай жүріп жатыр?
— «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ғасырлар қойнауынан жеткен баға жетпес тарихи мұраларды түпнұсқа күйінде келер ұрпаққа жеткізуге зор мүмкіндік туды. Қазір электронды архив құрып, оны іске қосу мәселесі оңтайлы шешіліп келе жатыр. Сонымен қатар дамыған елдердің тәжірибесін зерттеп, жан-жақты ізденіс жүріп жатыр. Бұл — асығыс жасалатын дүние емес. Біздің архивте сақталған 1,5 миллионнан астам құжатты сандық форматқа көшіру ұзақ уақытты талап етеді. Бұл 1-2 жылда бітетін шаруа емес. Сондай-ақ ақпараттық кеңістікте өте мұқият болу керек. Аса құнды құжаттардың тарап кетпеуі қажет. Кибершабуылдардан қорғану маңызды.
— Архив саласында жасанды интеллектті қолдануға қалай қарайсыз?
— Жасанды интеллектті фотоқұжаттармен жұмыс істеуге пайдалануға болады. Бірақ құнды, тарихи, стратегиялық маңызы бар құжаттарға қолдану қажет емес деп есептеймін. Бұл кейінгі ұрпаққа қиындық туғызуы мүмкін. Қазақтарды қырғыз дейтіндер де бар. Жасанды интеллект одан әрі шатастырмайтынына кім кепіл? Сондықтан дәл осы саламен байланыстыруды құптамаймын.
— Құжаттарды сақтаудың өзіндік нормалары бар ма?
— Құжаттар арнайы қоймаларда сақталады. Онда әр құжаттың ылғалдылығы мен температурасы өлшеніп, бақыланып отырады. Дискілердегі деректерді де сақтау ерекшелігі бар — ол да температураға байланысты. Егер ылғалдылық жоғары болса, автоматты желдеткіштер іске қосылады. Архив қоймаларында сақталатын құжаттарға қойылатын талаптарға сай, күнделікті температуралық және санитарлық режим сақталып, қызметкерлердің бұл талаптарды орындауы қатаң қадағаланады. Қоймаға кіру мен шығудың да нұсқаулығы бар.
— Архив мемлекет тарапынан ерекше қорғауда болуы тиіс нысан екені белгілі. Күзет пен өрт қауіпсіздігі қамтамасыз етілген бе?
— Өрт қауіпсіздігіне сай бізде арнайы құрылғылар орнатылған. Бұрын өрт сөндірушілер кезекшілік ететін. Биылдан бастап кезекшілік алынып тасталды. Бұл дұрыс емес. Мұны қайта енгізу керек. Бұған дейін күзет те алынып тасталған еді, оны әрең дегенде қайтардық. Мұндай нысан мемлекет қорғауында болуға тиіс.
— Құнды материалдарды қайдан аласыздар?
— Архив құжаттарын толықтыру көздері бар. Мысалы, театрлар, жоғары оқу орындары, банктер сияқты 144 мекемеден ведомстволық архивте сақталған құжаттар ғылыми-техникалық өңдеуден өткен соң орталық архивке қабылданады. Алдағы уақытта жаңа архив қоймасын салу жоспарда бар.