Ұлттық банк 2027 жылы елдегі инфляция қандай деңгейде болатынын болжады

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов алдағы үш жылға арналған инфляция болжамын жариялап, оның не себепті қайта қаралғанын түсіндірді.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

2026 жылға арналған инфляция болжамы бұрынғыдай 9-11% деңгейінде қалды. Ал Ұлттық банк 2027 жылғы инфляция 6,5-8,5% аралығында болады деп болжап отыр.

— Бұған сыртқы инфляцияның өсуі, реттелетін бағаларға қатысты болжамдардың қайта қаралуы, сондай-ақ Үкіметтің бұған дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарымен салыстырғанда бюджет шығыстарының экономикаға ықпалы күшеюі себеп болып отыр. Сонымен қатар негізгі сауда серіктесіміз — Ресейде инфляцияның баяу төмендеуі де әсер етеді. Ал бірқалыпты қатаң ақша-кредит саясаты инфляцияның өсуіне жол бермей, бағаның өсуін одан әрі баяулатуға ықпал етеді, — деді Тимур Сүлейменов брифингте.

Ұлттық банк 2028 жылы инфляция 5% деңгейіне жақындап, тұрақтанады деп болжап отыр. 

Тимур Сүлейменов тамызда жылдық инфляцияның 10%-дан төмендеуіне жүргізіліп отырған ақша-кредит саясаты, соның ішінде базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейде сақталуы әсер еткенін атап өтті. Дегенмен инфляцияны күшейтуі мүмкін факторлар мен тәуекелдер әлі де бар. Сондықтан базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі.

— Бұл жүргізіліп отырған ақша-кредит саясатының, базалық мөлшерлеме 18% деңгейінде болған кезеңде қалыптасқан қатаң жағдайдың, сондай-ақ Үкіметпен бірлесіп қабылданған шаралардың нәтиже беріп жатқанын көрсетеді. Экономика біртіндеп инфляцияның баяулау бағытына қайта оралып келеді. Алайда қазіргі көрсеткішті түпкілікті нәтиже деп қабылдауға әлі ерте, — деді ол.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, инфляцияның қайта өсуіне әсер ететін тәуекелдер ел ішінде де, сыртқы ортада да сақталып отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі екенін мәлімдеген еді.