Ұлттық банк басшысы теңге бағамына қатысты пікір білдірді

Фото: Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов биылғы теңге бағамына қатысты сұраққа жауап берді.

«Біз валюта бағамына қатысты болжам жасамаймыз, өйткені валюта бағамы нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың нәтижесінде қалыптасады. Сондықтан еркін айырбас бағамы жағдайында бұл іс-қимылдар мүмкін емес. Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне кіретін ресми құжаттарға, яғни әлеуметтік-экономикалық даму болжамына және бюджет туралы заңға назар аударғым келеді. Онда 2024 жылға арналған орташа жылдық бағам бір долларға 460 теңге болып белгіленген», - деді Т. Сүлейменов елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, орташа жылдық көрсеткіш жыл басындағы деңгейден аспауы мүмкін.

«Бірінші жартыжылдықта бұл көрсеткіш 440-қа (теңге) дейін төмендегенін көрдік. Қазір ол шамамен 480-ге көтерілді. Бірақ жылдағы орташа деңгей ретінде 460 болады деп пайымдап отырмыз», - деді ҰБ басшысы.

Айта кетейік, Ұлттық банктің 29 тамызға арналған ресми бағамы – 1 долларға 481,22 теңге. Ресей рублінің орташа сараланған құны – 5,27 теңге. Еуро – 535,36.