Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қаражаты ірі жобаларды қаржыландыруға бағытталмақ.
Белгілі болғандай, облигациялардың жылдық кірісі 13% болады, ал айналым мерзімі – 15 жыл.
Ұлттық банкте облигацияларды сатып алу туралы шешім экономиканың нақты секторының ұзақ мерзімді ірі жобаларын қаржыландыру үшін 2024-2025 жылдар ішінде жоспарланған БЖЗҚ зейнетақы активтерін инвестициялау шеңберінде қабылданған.
Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстан қор биржасында облигацияларды орналастырудың жалпы көлемі – 190 миллиард теңге.
"Облигацияларды сатып алу салымшылардың зейнетақы жинақтары бойынша сақтауды қамтамасыз ету және нақты табысты алу жөніндегі ұзақ мерзімді мақсаттарға сәйкес келеді", - деді Ұлттық банктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Ұлттық банк "Бәйтерекке" салынған зейнетақы қаржысы мерзімінен бұрын қайтарылатынын айтты.
"Эмитент жыл сайын 5 жыл өткеннен кейін ұстаушыларға тиесілі облигациялардың бір бөлігін олардың талабы бойынша номиналды құны бойынша бастапқы орналастыру көлемінің 10 пайызына дейінгі мөлшерде сатып алуға міндетті", - деп толықтырды ведомство.
"Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ қаражаты көлік инфрақұрылымын дамытуға жұмсалмақ.