Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

Фото: nationalbank.kz

Базалық мөлшерлеме +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 16,25% деңгейінде белгіленді. Ұлттық банк бұл шешімді болжам раундының қорытындысы, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер және инфляция тәуекелдерінің жаңартылған бағасы негізінде қабылдаған.

Ұлттық банктің мәліметінше, жылдық инфляция тамызда 9,8%-ға дейін баяулаған. Дезинфляциялық процесс қатарынан 11 ай жалғасып келеді.

— Азық-түлік инфляциясы 9,5%-ға дейін төмендеген. Бұған жеміс-жидек пен көкөністің айтарлықтай арзандауы және импорттық тауарлар бағасының төмендеуі әсер еткен. Азық-түлікке жатпайтын инфляция 11,4%-ға дейін баяуласа, сервистік инфляция 8,9% болды. Тамыздағы айлық инфляция — 0,6%. Халықтың алдағы бір жылға инфляциялық күтулері де төмендеп, шілдеде 12,1% болды. Маусымда бұл көрсеткіш 13,4% еді, — делінген хабарламада.

Ұлттық банк 2026 жылға инфляция болжамын 9-11% деңгейінде сақтап отыр. Ал 2027 жылға арналған болжам 6,5-8,5%-ға дейін көтерілді. Бұған сыртқы инфляцияның өсуі, реттелетін бағалар бойынша алғышарттардың қайта қаралуы және фискалдық серпіннің күшеюі себеп болған.

Реттеуші базалық мөлшерлемені төмендетуге ағымдағы инфляция мен инфляциялық күтулердің оң динамикасы мүмкіндік бергенін атап өтті. Алайда проинфляциялық факторлар мен тәуекелдердің күшеюіне байланысты мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі болады.

Қазақстан экономикасының 2026 жылғы өсімі 4,5-5,5% деңгейінде болжанып отыр. 2027 жылы ЖІӨ өсімі шамамен 4,5%, ал 2028 жылы 4-5% болады деп күтіледі.

Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешімі 2026 жылғы 23 қазанда сағат 12:00–де жарияланады.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде белгілегенін хабарлағанбыз.