Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетті, себебі неде?
Бүгін Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 15,75 пайызға төмендету шешімін жария етті. Осыған орай ұйымдастырылған брифинг барысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұндай шешімге баруға қандай факторлар әсер еткенін түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.
«Біздің шешіміміз инфляция мен экономикадағы өсімнің жаңарған болжамын, сондай-ақ нақты деректерді талдау нәтижелері мен тәуекелдер балансын ескереді. Ставка бойынша алдыңғы қабылданған шешімдердің, Үкімет пен әкімдер қабылдаған шаралардың, сондай-ақ базаның әсерінен инфляцияның баяулау қарқынын байқап отырмыз. Естеріңізде болса, былтыр инфляция өте жоғары болатын және оның салдары биылғы инфляцияның бірқалыпты баяулауына әсер етті. Қазір ол алдыңғы болжамның төменгі шегіне жуықтап қалды. Ал өз кезегінде базалық инфляция мен маусымдық факторды ескермейтін инфляция көрсеткіштері тұрақталып келеді», - деді Т. Сүлейменов.
Оның атап өтуінше, алдағы айларда жылдық инфляцияның көрсеткіші бір таңбалы мәнге жетеді деп жоспарланған. Дейтұрғанмен, назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдердің рөлі артып келеді. Оның ішінде азық-түлік бағасының өсуі, негізгі сауда-серіктесіміз ретінде РФ-дағы инфляция, инфляциялық динамика мен фискалдық шығыстар бар.
«Дегенмен жылдық инфляцияның бәсеңдеу қарқыны және оған қатысты 2023 жылдың соңына дейінгі төменірек болжам осы жолғы шешім қабылдауда базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берді. Бұдан әрі инфляциялық күтулердегі, бюджеттік саясат параметрлеріндегі және сыртқы ортадағы біз бақылап отыратын үрдістер ұзақ уақыт бойы ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын талап етіп отыр», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Осы орайда ол шешімді қабылдауға түрткі болған негізгі факторлар ретінде инфляция және инфляциялық күтулер динамикасын, ішкі экономикадағы үрдістерді, сыртқы экономикалық конъюнктураны атады.
«Экономикадағы динамикалық өсімі жалғасуда, оған мұнай өндірудің қалпына келуі және мемлекеттік шығыстар негіз болып отыр. Бұл «қызып кету» қаупін айғақтайды және айтарлықтай проинфляциялық фактор. Халықтың тұтынушылық сұранысын да проинфляциялық факторларға жатқызуға болады. Оның тұрақты динамикасы тұтынушылық кредиттеу мен тұтыну тауарлары импортының деректерімен де расталады», - деді ол.
2023 жылғы 9 айда азық-түлікке жатпайтын тұтыну тауарларының импорты 36,7 пайызға өсті. Мұндай өсу қарқыны ішкі сұраныстың ішкі ұсыныс мүмкіндіктерінен асып түскенін көрсетеді.
Ұлттық банк төрағасының мәліметінше, биыл базалық сценарийде инфляция 9,3-10,3 пайыз шегінде болжанған. Болжамды осы жылға қайта қарау тұрғын үй коммуналдық қызметтер тарифінің және азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының бірқалыпты өсуіне байланысты. Ортамерзімді келешекте сыртқы орта қысымының әлсіреуі және монетарлық саясаттың ұстамды қатаң сипаты инфляцияның төмендеуіне ықпал етеді.
«2024 жылғы болжам 7,5-9,5 пайыз деңгейінде, 2025 жылғы болжам 5,5-7,5 пайыз деңгейінде сақталды. Осы кезеңдерде инфляциялық болжамның негізгі тәуекелдері ретінде фискалдық ынталандырудың күшеюін, инфляциялық күтулердің тұрақтамауын, 2023 жылы астықтан аз өнім алуға байланысты азық-түлік бағасының өсу ықтималын және тұрғын үй коммуналдық қызметтер тарифінің көтерілгенін атап өтеміз. Сонымен қатар инфляция туралы болжамда Қазақстан Республикасы Үкіметінің талқылауындағы 2025 жылы қосымша құн салығын өсіру ескерілген жоқ. Біз осы салық реформаларының параметрлері айқын болған кезде инфляцияға оның әсерін бағалай аламыз. Себебі ҚҚС-ның ықтимал ұлғаюы бір реттік фактор болғандықтан және ақша-кредит саясатының жауабын қажет етпейтіндіктен, қайталама әсерлерді мұқият қадағалаймыз және олай болған жағдайда соған сай әрекет етеміз», - деп атап өтеді Т.Сүлейменов.
Оның айтуынша, Биыл Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсу болжамдары 4,2-5,2 пайыз диапазонында өзгеріссіз қалып, ортамерзімді келешекте олар қайта қаралды. 2024 жылғы болжам 3,2-4,2 пайыз диапазонына дейін төмендеу жағына қайта түзетілді. Бұл Теңізшевройлдағы өндірісті ұлғайта бастауды 2024 жылдың соңына немесе 2025 жылға ауыстыруға байланысты. Сәйкесінше, мұнайдың бұрын жоспарланған көлемін өндіре алмау және 2024 жылғы жалпы ішкі өнімнің баяу өсу қарқыны аясында 2025 жылғы болжам 5,5-6,5 пайызға ұлғайды.
«Жылдық инфляцияның қарқынды төмендеуі мен оның 2023 жылдың соңына дейінгі төмен болжамдары базалық мөлшерлемені түсіруге мүмкіндік берді. Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданатын шешімдер инфляция динамикасының болжамды траекторияға сәйкестігіне байланысты. 2024 жылы инфляция одан әрі баяуласа, Ұлттық Банк инфляциялық күтулерді тұрақтандыру үшін ортамерзімді келешекте ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтап, мөлшерлемені бірқалыпты төмендетуді қайта қарастырады. Мақсат – инфляцияны 5 пайыз мақсатына қайтару және инфляциялық күтулерді орнықтыру. Бұл ретте деректерді жинақтау және тәуекелдер балансын бақылау үшін базалық мөлшерлемені өзгертуде кідіріс болуы да мүмкін», - деді орталық банк басшысы.