- Сыртқы ортада қосымша тәуекелдер бар. Геосаяси шиеленістің күшеюі мұнай бағасының құбылуына, сауда-серіктес елдердегі баға ахуалының өзгеруіне, ірі орталық банктер мен өзге де экономикалық ойыншылардың әрекеттеріне әсер етуі мүмкін. Осындай жағдайда инфляциялық күтулерді тұрақтандырып, инфляцияның тұрақты төмендеуін қамтамасыз ету үшін ақша-кредит саясатының біршама қатаң шарттарын сақтау қажет, - деді ол.
Ұлттық банк басшысының пайымынша, қазіргі кезеңде базалық мөлшерлемені төмендетуге жеткілікті негіз әлі қалыптасқан жоқ.
- Экономика салық өзгерістеріне бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Базалық инфляцияның нақты динамикасы мен инфляциялық күтулер де негізгі шектеуші фактор болып отыр. Базалық болжам іске асып, инфляция тұрақты түрде баяулаған жағдайда комитет (Ақша-кредит саясаты комитеті) базалық мөлшерлемені жылдың екінші жартысында төмендету мүмкіндігін қарастырады. Егер инфляциялық тәуекелдер өзгерсе, ақша-кредит саясатының қатаңдық деңгейі мен ұзақтығы да екі бағытта өзгеруі мүмкін, - деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п. т. дәлізімен жылдық 18% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.