Ұлттық банк БЖЗҚ-ның инвестиция табысы туралы: Ахуал тұрақтанды
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банктің Монетарлық операциялар департаментінің директоры Нұржан Тұрсынханов БАҚ-ты Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық табысын 3 айлық мерзіммен есептемеуге шақырды.
— Қазір ахуал реттелді. Инвестициялық табыспен байланысты проблема жоқ. Журналистерді де үндеймін. Әдетте жыл басында БЖЗҚ-ның табыстылығы туралы мәселе көтеріле қалады. Қаңтар, ақпан айларында облигациялардың купондарынан табыс жинақтап үлгермейміз. Бірақ табыстылық туралы сұрақтар желтоқсанда ешкім сұрақ қоймайды. Өйткені ол кезде 11 айда купондардан жинақталған табыс шоттарда жатады. Қаңтар, ақпан кезінде құбылмалылық болғанымен, жаңағы табыс оны жауып кетеді. Сондықтан 2-3 айдың қорытындысы бойынша табыстылықты есептеу аздап дұрыс емес. Ондай есептер арқылы салымшыларымызға аздап жалған ақпарат береміз, — деді ол баспасөз мәслихатында.
Оның сөзінше, БЖЗҚ-ның 12 айдағы табыстылығы 12 пайыздай болған.
— Бұл кезде инфляция 10 пайыз болған. Сонда кейінгі 12 айдағы нақты табыстылық 2 пайыз болып отыр, — деді Нұржан Тұрсынханов.
Осы іс-шарада «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Мұрат Шәріпов зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану тетігін тоқтау туралы ұсыныстарға жауап берді.