Спикердің сөзінше, сыртқы нарықтағы ахуал әлі де тұрақсыз. Таяу Шығыстағы шиеленіс энергия бағасының жоғары болуына әсер етіп отыр.
— Әлемдік нарықта дәнді дақылдар, қант пен өсімдік майы қымбаттады. Ал ет пен сүт өнімдерінің бағасы төмендеді. Ресейде шілдеде жылдық инфляция 6% болды. Бұл Қазақстандағы бағаның төмендеуін баяулатуы мүмкін, — деді банк төрағасы.
Ол АҚШ пен Еуропадағы инфляция көрсеткіштеріне де тоқталды.
— Еуропалық одақта шілдеде инфляция 3%-ға дейін өсті. Ал АҚШ-та баға өсімі баяулап, шілдеде 3,4% болды. Бұл елдің орталық банкі көздеген 2%-дық деңгейден жоғары. Сондықтан бұл елдердің орталық банктері пайыздық мөлшерлемені төмендетуге асықпай отыр, — деді ол.
Ұлттық банк алдағы уақытта геосаяси жағдайдың ушығуы, сондай-ақ әлемдік азық-түлік пен энергия бағасының өсуі Қазақстандағы инфляцияға қосымша қысым түсіруі мүмкін екенін еске салып өтті.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендеткенін хабарлаған едік.