Ұлттық банк инфляцияны 5%-ға түсіруді көздеп отыр

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк инфляцияны 5%-ға дейін түсіруді жоспарлап отыр. Ол үшін ақша-кредит саясаты жалғасып, қажет болса қосымша шаралар қабылданады.

Фото: Ұлттық банк

Бұл туралы Ұлттық банкте өткен брифингте банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Оның айтуынша, банктің басты мақсаты — елдегі баға өсімін тұрақтандырып, инфляцияны 5%-ға дейін жеткізу.

— Біздің негізгі міндет — баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляцияны 5%-ға жеткізу. Инфляцияның тұрақты әрі болжамды деңгейде болуы экономиканың дамуы мен халықтың әл-ауқатының артуына ықпал етеді, — деді ол.

Оның сөзінше, соңғы айларда инфляция баяулағанымен, бағаның өсуіне әсер ететін тәуекелдер әлі де сақталып отыр.

— Бұған халықтың белсенді тұтынуы мен инфляциялық күтулердің жоғары болуы себеп болып отыр, — деді спикер.

Сүлейменов базалық мөлшерлемеге қатысты келесі шешімдер алдын ала белгіленбейтінін айтты.

— Олар инфляцияның қалай өзгеретініне, ішкі сұранысқа, жанар-жағармай бағасына, бюджет шығыстарына және басқа да экономикалық көрсеткіштерге қарай қабылданады, — деді ол.

Сондай-ақ ол Үкіметпен бірге инфляцияны бір таңбалы деңгейге түсіруге бағытталған бірлескен бағдарлама жүзеге асып жатқанын айтты. Қажет болған жағдайда бұл шаралар қайта қаралып, толықтырылатын болады.

Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені жылдық 16,75%-ға дейін төмендеткен болатын.