Ұлттық банк қаңтарда Ұлттық қордан $1,1 млрд-қа дейін валюта сатуды жоспарлап отыр

Ұлттық банк былтырғы теңге динамикасына баға берді. Желтоқсан айының қорытындысы бойынша, теңге бағамы 1 АҚШ долларына — 454,69 теңгеге дейін 0,8% нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 192 млн-нан 176 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі — 3,5 млрд АҚШ доллары, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

Ұлттық қордан республикалық бюджетке түсетін трансферттерді қамтамасыз ету және «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ акцияларын сатып алу үшін желтоқсанда 646 млн АҚШ долларына валюта сатылды.

«Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 18%-ын және күніне 34 млн АҚШ долларынан аспайтын мөлшерді құрады. Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операция жүргізу кезінде нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сату дегенді білдіреді. Бұл тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Ұлттық банк БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін желтоқсанда биржалық сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырды. Оның жалпы сомасы — 191 млн АҚШ доллары немесе нарықтың жалпы көлемінің шамамен 5 пайызы» деп хабарлады бүгін ҰБ баспасөз қызметі.

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ (ҚДКҚ) активтерінің валюталық үлесін ұлғайту аясында Ұлттық банк желтоқсанда 30 млн АҚШ доллары мөлшерінде валюта сатып алды.

Ұлттық банк желтоқсанда валюталық интервенция жүргізген жоқ.

Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімі бойынша республикалық бюджетке трансферт бөлуге 2024 жылғы қаңтарда Ұлттық банк Ұлттық қордан 1-ден 1,1 млрд АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатпақ.

2024 жылғы қаңтарда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін валюта сатып алу 100 млн-нан 200 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде, ҚДКҚ активтерінің валюталық үлесін арттыру үшін валюта сатып алу 30 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде күтіліп отыр.

«Ұлттық банк ашықтық қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты мейілінше толық ашып көрсетуді көздейді. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді» деп мәлімдеді қаржы реттеушісі.