Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі қайта біріге ме

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов кезекті баспасөз мәслихатында Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін қайта біріктіру қаншалықты қисынды екені жөнінде пікір білдірді.

Фото: Kazinform

«Біз екі реттеуші органның құрылымы бүгінгі жайттарға және мемлекеттік басқарудың қажеттіліктеріне толық жауап береді деп есептейміз. Біз мұны (екі құрылымды біріктіруді — ред.) қаламайтынымыз анық. Саланың ахуалы тұрақты әрі теңгерімде деп есептейміз», — деді Тимур Сүлейменов. 

Сондай-ақ, ол қоғам ішінде мұндай мәселе туындап отыр дегенге күмәнмен қарайтынын атап өтті.

«Жұмысыма байланысты болғандықтан бүкіл трендтерге, оның ішінде БАҚ-қа да мұқият зер салып отырамын. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін біріктіру керек деген тренд жүріп жатқанын байқаған жоқпын», — деді Ұлттық банк басшысы.