Ұлттық банк теңге бағамын қолдау үшін Ұлттық қордан 7,5 млрд доллар сатқан

Қазан айында теңгені қолдау үшін Ұлттық қордан 1,5 млрд доллар сатылған. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Данияр Вагапов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Фото: Әділет Беремкулов/Kazinform

«Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансфертті қамтамасыз ету аясында валюта сату теңгеге қолдау көрсетті. Жыл басынан бері 7,5 млрд АҚШ доллары сатылды. Қазан айында 1,5 млрд доллар болды. Ұлттық банк еркін бағам белгілеу режимін ұстана береді және валюталық интервенциялар жүргізбейді», - Д. Вагапов.

Ұлттық банк басшысының орынбасары қазан айының соңында елдің халықаралық резерві 90,3 млрд доллар болғанын айтты.

«Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан бері 34,0 млрд АҚШ долларына дейін, яғни, 3,1% төмендеді. Бұл Ұлттық банктің валюталық шоттарындағы екінші деңгейлі банктер қаражатының азаюына байланысты. Оған Қаржы министрлігінің міндеттемелерін төлеу мақсатында алтын-валюта резервтерін конвертациялау да себеп болды», - деді Данияр Вагапов.