Ұлттық банк басшысының айтуынша, теңге бағамы сұраныс пен ұсыныстың әсеріне қарай қалыптасады. Өйткені ұлттық валюта еркін айналымда болады.
«Курс бағамын ондаған, жүздеген мың адам қалыптастырады. Егер сіз 1 000 доллар сатқан болсаңыз, демек сіз ұсынысты арттырдыңыз, ал сатып алсаңыз, сұранысты арттырып отырсыз», - деп түсіндірді Мәжілістің жалпы отырысы барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Тимур Сүлейменов.
Ұлттық банктің 30 қазанға арналған ресми бағамы – 1 долларға 491,70 теңге. Ресей рублінің орташа сараланған құны – 5,07 теңге. Еуро –531,28 теңге.
«Егер АҚШ сайлауы және ОПЕК шешімінен кейін айтарлықтай геосаяси өзгерістер болмаса және біздің ішкі экономикамызда қандай да бір құбылыс болмаса, менің ойымша, курс бағамы ағымдағы мәнде болады», - деп толықтырды.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы 2025 жылғы инфляция динамикасына қатысты түсінік берді.
Сондай-ақ Тимур Сүлейменов биыл тоғыз айдың ішінде жалпы ішкі өнім 4 пайызға артқанын айтқан еді.