Ұлттық банк цифрлық теңгені шығару және айналымға енгізу қағидаларын бекітті

АСТАНА. KAZINFORM — Аталған құжат цифрлық теңгенің шығарудан бастап цифрлық шоттарды ашу, жүргізу және жабуға дейінгі тәртіпті, сондай-ақ платформа қатысушыларына қойылатын талаптар мен ақпараттық қауіпсіздік денгейін айқындайды. 

Фото: Ұлттық банк

Қағидаларға сәйкес, Ұлттық банк цифрлық теңге платформасының операторы болып табылады және платформа қатысушылары енгізген қаражат көлемі шегінде цифрлық валютаны айналымға шығарады. Сонымен қатар цифрлық теңге эмиссиясы қаражат қатысушының цифрлық шотына есептелген сәттен жүзеге асырылды деп есептеледі. 
Айта кету керек, цифрлық теңгенің айналымы ұлттық валютадағы арнайы платформада ғана жүзеге асырылады. Сонымен қатар техникалық талаптар сақталған жағдайда цифрлық қаражатты сыртқы электрондық тасымалдағыштарда сақтауға рұқсат етіледі.

Сондай-ақ цифрлық теңгені өтеу кері операция арқылы жүргізіледі оған сәйкес баламалы ақша сомасы қатысушылардың Ұлттық банктегі корреспонденттік шоттарына аударылады.
Қағидаларда бірқатар шектеулер де қарастырылған. Атап айтқанда, бір пайдаланушыға тек бір ғана цифрлық шот ашуға болады, сондай-ақ жинақтаушы цифрлық шоттарды ашуға жол берілмейді.

Бұдан бөлек, платформа қатысушылары операторға пайдаланушылар саны мен цифрлық теңге қалдықтарының көлемі туралы деректерді қоса алғанда, есептілікті ұсынуға міндетті.
Құжат биыл 19 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұған дейін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі теңгенің шетел валюталарына қатысты ресми бағамын айқындау қағидаларына өзгерістер жобасын «Ашық НҚА» порталына жариялаған еді.