Ұлттық банк зейнетақы қорындағы қаражатқа қатысты мәлімдеме жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының бірінші орынбасары Ерұлан Жамаубаев зейнетақы активтері жөнінде мәлімдеді.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

– Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері жыл басынан бері 26,6 трлн теңгеге дейін 6,1%-ға ұлғайды. Зейнетақы жарналары – 2,2 трлн теңге, инвестициялық кіріс көлемі 9 айда 766,3 млрд теңгеге жетті, – деді ол.

Сонымен бірге, зейнетақы қаражатынан 490 млрд теңге мерзімінен бұрын алынды.

– Оның негізгі бөлігі, яғни 404 млрд теңгеге жуығы 2026 жылдың 1-ші жарты жылына немесе зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектері көтерілгенге дейінгі кезеңге тиесілі, – деді ҚР ҰБ төрағасының бірінші орынбасары.

Одан бөлек, Ерұлан Жамаубаев депозиттер көлеміне де тоқталды.

– Депозиттердің көлемі тамыздың соңында 50,2 трлн теңгеге дейін 17,2%-ға ұлғайды. Өсімге негізгі үлес қосқан ұлттық валютадағы депозиттер 41,0 трлн теңгеге дейін 23%-ға артқан. Бұл жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатының аясында теңгемен қаражат жинақтаудың тиімділігін көрсетеді. Депозиттердің долларлану деңгейі тарихи төмен мәнде қалыптасты, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елімізде сауда көлемі 61 трлн теңгеге жеткенін мәлімдеген еді.