Ұлттық банк жаңа ғимаратқа қашан толық көшіріледі

Фото: Әділет Бірімқұлов/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банктің  елордадағы жаңа ғимаратының құрылысы аяқталды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.

Астанада өткен баспасөз мәслихатында тілшілер бұл ғимараттың құрылысына жұмсалған қаржы сомасына қатысты сұрақ қойды.

- Ғимараттың құрылысы аяқталды. Нысанның техникалық ашылуы өтті. Неге техникалық? Өйткені қауіпсіздік, ақпараттық-коммуникациялық мәселелеріміздің барлық ерекшелігін ескере отырып, әлі де жұмыс жалғасып жатыр. Қазан айының соңына дейін толық көшеміз деп үміттенемін, - деді Т. Сүлейменов.

Осы орайда ол ғимараттың жобасын әлемге танымал Заха Хадидтің сәулет бюросы әзірлегенін, сондай-ақ бұл нысан Астанадағы ең әсем ғимараттардың бірі болатынын айтты.

- Дегенмен қанша жұмсағанымызды айта алмаймын, себебі бұл ақпарат «құпия» санатына жатады. Сондықтан оны жария ете алмаймын. Қаржыландыру Ұлттық банктің бюджетінен бағытталды, - деді ҰБ басшысы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді.