Ұлттық Банк желтоқсанда Ұлттық қордан 600-ден 700 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатпақ
Ұлттық Банк желтоқсанда Ұлттық қордан 600-ден 700 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатуды алдын ала жоспарлап отыр. Ол Үкіметтің қолда бар болжамдық бағдарлары негізінде жүзеге асады, деп хабарлайды Kazinform Ұлттық банкің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін ұстап тұру үшін желтоқсанда 100-ден 200 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде, ал Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры активтерінің валюталық үлесін арттыру үшін 30-дан 50 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатып алынуы күтіліп отыр.
Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін барлық операция туралы ақпаратты толық ашып көрсетеді. Қысқа мерзімді перспективада теңге динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлем нарығындағы жағдайға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады.
«Ұлттық Банк теңгерімсіздік жинақталуын болдырмайтын және алтынвалюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады»,-делінген хабарламада.