Ұлттық банктің алаяқтықпен күрес орталығы 6 айдағы нәтижесін жариялады
АСТАНА. KAZINFORM – Өткен жылы Ұлттық банк алаяқтықпен күрес жүргізетін антифрод-орталығын іске қосқан болатын. 6 айда бұл орталық қанша күдікті транзакцияны тоқтатып, қанша қаржыны сақтап қалғаны мәлім болды.
Алаяқтық белгісі бар транзакциялар туралы дерек алмасу орталығы 2024 жылғы 22 шілдеде іске қосылды. Бұл жобаны құқық қорғау органдары және қаржы нарығына қатысушылар бірлесе жүзеге асырады.
— Орталық іске қосылғаннан бері 12 мыңнан астам алаяқтық анықталды. Нәтижесінде жалпы сомасы 967 миллион теңге болатын қаражат бұғатталды. Оның ішінде 760,9 миллион теңгені – ақшаны жіберген банк, ал 206,1 миллион теңгені ақшаны қабылдаған банк бұғаттады, - делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Антифрод-орталық дегеніміз – арнайы технологиялық жүйе. Ол банктер, төлем ұйымдары, микроқаржы ұйымдары және ұялы байланыс операторларының өзара ақпарат алмасуына жағдай жасайды.
Бұл жүйе нақты уақыт режимінде жұмыс істейді де, алаяқтыққа ұқсайтын әрекет немесе төлем туралы мәліметті жедел бөлісуге мүмкіндік береді. Осылайша, қаржы ұйымдары күмәнді транзакцияларды тез арада анықтап, тоқтата алады.
Сонымен қатар, Антифрод-орталық қаржы ұйымдары мен құқық қорғау органдары берген мәліметтер негізінде алаяқтық әрекеттері туралы барлық ақпаратты бір жерге жинап, бірыңғай деректер базасын құрады.
Платформаның жұмысын жүргізіп, технологиялық қолдау көрсететін ұйым, яғни операторы – Ұлттық банкке қарасты «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ.
Антифрод-орталықтың мәліметіне сүйенсек, ең жиі кездесетін алаяқтық түрі – телефон арқылы алдау. Ол барлық оқиғалардың 25,5%-ын құрайды.
Одан кейінгі орындарда мыналар тұр: жалған инвестициялар – 18,89%, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі алаяқтық – 17,61%, кредит алаяқтығы – 9,57%, жалған онлайн дүкендер мен сатушылар – 7,53%, дропперлер (алаяқтық жолмен иемденген ақшаны шешу үшін атына банк картасы ашылған жалған адамдар) – 6,87% және алаяқтардың «айна» сайттары – 5,62%.
Ал қалған 8,36%-ы – басқа алаляқтық түрлері.
Ұлттық банк былтыр аталған орталық жұмысын бастаған соң он шақты күннің ішіндегі нәтижесін жариялаған болатын.