Ұлттық даму жоспары: 36 көрсеткіштің 18-і орындалмаған
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық экономика министрлігі 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарын іске асырудың 2024 жылғы қорытындысын жариялады.
Жалпы жоспарда 39 негізгі көрсеткіш бар. Бірақ оның үшеуі («PISA тестілеуі: оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану сауаттылығы) үш жыл сайын жүргізілетін зерттеу арқылы анықталатындықтан 36 көрсеткіш бойынша жылдық қорытынды шығарылған.
Жоспардағы 36 көрсеткіштің 18-і орындалмаған, 2 көрсеткіштің деректері күзде белгілі болады. Сонда жоспарға сай орындалған көрсеткіштер саны — 16. Оның ішінде бір көрсеткіш 208 пайызға орындалған (Су тасымалдау арналары арқылы ауыл шаруашылығындағы су шығынының деңгейі).
Орындалмаған көрсеткіштерге келсек, оның көбі - бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы еңбек өнімділігінің өсімі, экономиканың нақты өсу қарқыны, инновациялық саланың белсенділігі сияқты маңызды экономикалық көрсеткіштер.
Мысалы, республикалық бюджеттің мұнайға қатысты емес тапшылығы 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің 6,1 пайызынан аспау керек болған. Бірақ ол жоспар орындалмай, тапшылығы ЖІӨ-нің 8,1 пайызына жеткен.
Тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 24,8 млрд доллар болады деп жоспарланғанмен, іс жүзінде 17,2 млрд доллар инвестиция тартылған.
Үкімет бизнеске берілген кредиттердің өсімін 2022 жылмен салыстырғанда 40 пайызға жеткізуді жоспарлап, шын мәнінде 35,8 пайыз өсімге ғана қол жеткізген.
Қонақүйлердің қызметін пайдаланған туристер санын 2024 жылы 2 млн адамға жеткізу жоспарланған. Ал іс жүзінде 1,3 млн адам турист қонақүйлер қызметін тұтынған.
Инновация саласындағы белсенділік деңгейі жоспарда 145, пайыз болса, іс жүзінде 11,9 пайыз ғана болған.
Халықтың жалпы шығынындағы азық-түлікке жұмсайтын шығындардың үлесін 49,4 пайызға түсіру жоспары да орындалмаған — 50,6%.
2024 жылы қалалардың әлеуметтік игіліктермен және қызметтермен қамтамасыз етілу деңгейі 89% болған. Ал жоспар бойынша бұл көрсеткішті 90,4%-ға жеткізу көзделген еді.
Айта кетейік, Үкімет 2026 жылы елдегі инфляция деңгейі 10 пайыздан төмен болады деп болжап отыр.