- Жалпы ішкі өнімнің негізгі өсімі кейінгі жылдары, яғни 2023 жылдан бастап байқалып отыр. ЖІӨ өсуі ұзақ мерзімді перспективада жалақының артуына оң ықпал ететіні белгілі. Мәселен, 2017 жылдан бері жалақының кумулятивті өсімі 41%-ды құрап, ЖІӨ өсімінен асып түсті. Біздің мақсатымыз – алдағы жылдарда экономиканың 5%-6% деңгейінде жоғары өсу қарқынын қамтамасыз ету және 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді 450 млрд долларға жеткізу, - деді А. Қасенов Сенаттағы экономика өсіміне арналған Үкімет сағатында.
Оның айтуынша, өсу қарқыны инвестицияға тікелей тәуелді, өйткені инвестиция қосымша өндірістік қуаттарды қалыптастырады.
- Дүниежүзілік банк деректері бойынша Қазақстан қазірдің өзінде инвестициялық белсенділікті арттырды. Дүниежүзілік банк жалпы жинақталған капиталдың ЖІӨ-ге қатысы бойынша жаһандық статистиканы жүргізеді. Бұл ретте Қазақстанның көрсеткіші 27 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш арқылы әлем елдерінің 75 пайызынан асып түстік, - деді вице-министр.
Еске салсақ, былтыр Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында 2029 жылға дейін жалпы ішкі өнімді 450 млрд долларға жеткізу туралы Президент тапсырмасын орындау қаншалықты мүмкін екені туралы пікір білдірді.