Ұлттық экономика министрлігі көлеңкелі айналыммен күресті күшейтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Арнайы салық режимін қолдану тетіктері барлық сала бойынша қайта қаралып жатыр. Бұл шешімнің басты мақсаты көлеңкелі айналымды азайтып, артық делдалдық тізбектерді қысқарту. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин мәлімдеді.
— Біз тек жекелеген қызмет түрлері немесе салалар бойынша емес, жалпы барлық бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Егер бұрынғыдай бәріне рұқсат бере берсек, қайтадан табысты бөлшектеу мен жасанды оңтайландыруға жол ашамыз. Сондықтан бұл бағытта нақты шешім қабылданды, — деді ол ЭҚЖЖ бойынша жеңілдетілген декларация қолдануға тыйым салу мәселесін талқылауға арналған дөңгелек үстел барысында.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа тәсіл баға саясатына да оң әсер етеді.
— Біз бағаның өсу себептерін талдадық. Мысалы, ет пен сүт өнімдері бойынша өндіруші мен ірі сауда желілері арасындағы делдалдар бағаны негізсіз өсіріп келген. Енді жеңілдетілген декларация бойынша жұмыс істейтін делдалдарға бұрынғыдай артықшылық берілмейді. Бұл — өндірушіге тікелей нарыққа шығуға мүмкіндік береді. Демек, қосымша табыс өндірушінің өзінде қалады, — деді Әмрин.
Сонымен қатар ол салық жүктемесін аумақтың ерекшелігіне қарай мәслихаттар реттей алатынын атап өтті.
— Мысалы, ауылдық аймақта немесе өндірістік аймақтарда салық мөлшерлемесін төмендетуге болады. Ал ірі қаладағы сауда орталықтары үшін керісінше, жоғары мөлшерлеме орынды. Бұл әділ әрі теңгерімді тәсіл, — деді ол.
Азамат Әмриннің айтуынша, қабылданған шешімдер ірі және орта бизнес арасындағы тепе-теңдікті сақтап, өндірушіні қолдауға бағытталған.
Бұған дейін Қаржы министрі салықтан жалтарған кәсіпкерлер туралы айтқан болатын.