- Жобаларды іріктеу жүйесіндегі кемшіліктер қаражаттың уақытылы және объективті бөлінуін қамтамасыз етпейді. Ғылым субъектілерін аккредиттеу бірыңғай жүйесіз іске асырылған. 212 заңды тұлғаға аккредиттеу олардың зерттеулерді жүргізуге технологиялық қабілеттілігін айқындамай берілген. 2025 жылғы конкурстар 208 күнге дейін кешіктіріліп жарияланған. Бұл зерттеулердің басталуы мен бүкіл іске асыру циклына кері әсер етті, - деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, сараптама жүргізу де уақытылы іске асырылмай, артық жүктемемен жүргізілген. Материалдар Ұлттық ғылыми кеңестерге 93 жұмыс күніне дейін кешіктіріліп берілген. Экономикалық сараптау бюджеттік фильтр құралына айналмаған.
- Ұлттық ғылыми кеңестер 545 жоба бойынша қаржыландыруды 12 миллиард теңгеге азайту жөніндегі ұсыныстарды ескермеген. Мүдделер қақтығысының тәуекелі де сақталып отыр. Ұлттық ғылыми кеңестердің 225 мүшесінің 84-і 52 миллиард теңгені құрайтын 127 жобаның зерттеу топтарына кірген, ал 27 мүшесі жобалардың ғылыми жетекшілері болған, - деді Әлихан Смайылов.
Палата төрағасының айтуынша, Ғылым академиясының форсайттық зерттеулерді міндетті түрде қарау және іске асыру тетігі жоқ.