Ұлттық кеңесті Ұлттық құрылтайға айналдыру не берді — Андрей Чеботарев пайымы
БУРАБАЙ. KAZINFORM — Саясаттанушы Андрей Чеботарев Ұлттық құрылтай IV отырысының алдында БАҚ өкілдеріне Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін Ұлттық құрылтайға айналдыру қоғамға не бергенін айтты.
— Мен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі болған кезде бір ғана жұмыс форматы болды. Онда біз партиялық жүйе, сайлау жүйесі, жергілікті басқару сияқты нақты реформалар бойынша нақты ұсыныстар жазған едік. Заң жобаларын әзірлеуге қатыстық. Бұл шынымен құқықтық бағыттағы жұмыс болды. Мемлекет басшысы 2022 жылы Ұлттық кеңес өз миссиясын орындағанын айтып, Ұлттық құрылтай дейтін жаңа формат енгізілетінін айтты. Енді соның жұмысы мүлдем басқа форматта екенін көріп отырмыз, — дейді ол.
Саясаттанушы Ұлттық кеңестің құрамы Ұлттық құрылтай құрамынан екі есе аз болғанын айтады.
— Бұл форматтың жақсы тұсы — аймақтардағы қоғамдық кеңестердің өкілдері құрылтайға тартылған. Аймақтардағы проблемалар мен ұтымды бастамаларды солар арқылы біліп отыруға мүмкіндік бар. Ең бастысы, бұл вертикалды диалог емес. Президент, құрылтай мүшелері, билік пен қоғам болып бір алаңда бетпе-бет отырып тілдесеміз, — дейді саясаттанушы.
Сондай-ақ, ол кеңейтілген форматтағы диалогқа саяси партиялар белсенді қатысып жатқанын атап өтті.
— Ұлттық құрылтай мүшесі қоғамдық келісімнің бұл форматы азаматтарды билікке жақын немесе оппозиция өкілі деп бөлмейтінін айтады. Мұнда тек билік құрылымдарының өкілдері ғана емес, қазақстандық оппозицияның сыралғы өкілі, «Дат» газетінің баспагері Ермұрат Бәпи де бар. Қазір ол Мәжілісте өз пікірін ашық айтып жүр. Өздерін оппозициялық партиямыз деп есептейтін ЖСДП-ның өкілдері де бар. Яғни, партиялардың бәрі Ұлттық құрылтайдан тыс қалмаған, — дейді Андрей Чеботарев.
Айта кету керек, құрылтайдың панельдік сессиялары кеше басталған. Ол секциялардың тақырыптары азаматтық қоғам, мәдениет, өнер, руханият, білім және ғылым, әлеуметтік-экономикалық даму мәселелерін қамтыды.
Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жиынның алғашқы күнінде айтылған ұсыныстар туралы мәлімет берген еді.
Ал Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық құрылтайдың 4-отырысы аясында Қазақстан тарихының жаңа академиялық басылымын әзірленетінін айтты.
2022 жылы Ұлттық құрылтай алғаш жанданғаннан бері елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешім тауып келеді. Жыл өткен сайын тақырып аясы кеңіді, айтылатын салмақты ой ұлғайды.