«Биыл еліміз бойынша бюджет тапшылығы қатері жоғары. Бүгіннің өзінде, бюджетті толтыру бойынша көрсеткіштер көңіл көншітпейді. Еліміздің биылғы шығыны — 24 трлн теңге. Оның 16,5 трлн теңгесі табысымыз, 3,6 трлн теңгені Ұлттық қордан аламыз, 4 трлн теңге құнды қағаздарды шығарудан түсіп отыр. Яғни тапшылық 7,5 трлн теңгені құрап отыр. Өз кезегінде, уәкілетті органдар „асықпай арбамен қоян аламыз“ деп жүргенде, арбамыздың дөңгелегі сына ма деп қатты алаңдаймыз. Сөздің ашығын айтқанда, „бас жарылса бөрік ішінде“ деп жүре беретін заман келмеске кеткен. Алдымен, квазисектордың таза пайдасын бюджетке беретін уақыт келді. Осы секторға жақсы аналитикалық талдау жасап, дұрыс жолға қойса, Қазынамызға ең кемі 3 трлн теңге түсіруге болады. Екіншіден, квазисектордың сатып алу жүйесі мен механизмдерінде әлі де ашықтық жоқ. Сондай-ақ, Ұлттық компанияларға құны 1,6 миллиард теңге болатын чартерлік рейстер неге қажет?», — деді депутат.
Осыдан кейін ол салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру және олардың санын оңтайландыру мәселесіне тоқталды.
«Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері бойынша қолданылған салық жеңілдіктер сомасы 2022 жылы 9,5 трлн теңге болған. Бұл бюджетке түспеген қаржы. Басты кемшілік — жеңілдіктердің саны мен құрылымы пысықталмаған және жеңілдіктер белгісіз мерзімге, ешқандай мақсатты индикаторларсыз енгізілген. Салық кодексіндегі жеңілдіктердің саны — 485. Бұл дегеніміз едәуір көп. Біз алдымен 30 пайызын қысқартсақ, шамамен бюджетке 1,3 трлн теңгеге дейін қаражат түсіруге болады. Мұны тереңірек зерделесек болашақта 50 пайызға жеткізуге мүмкіндік бар. Расымен, кейбір салықтық жеңілдіктер тиімділігін көрсетпей жатыр. Кәсіпкерлер жеңілдік алса да, өнімнің бағасын түсірмей отыр. Мысалы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сату және импорттау айналымы қосымша құн салықтан босатылған. Бірақ, осы салықтан босату — дәрілер мен медициналық бұйымдардың бағасының түсуіне әсер етпеген», — деді Мархабат Жайымбетов.
Депутаттың айтуынша, жеңілдіктердің негізгі алушылары — ірі компаниялар. Ал, әлемдік экономика сарапшылары Қазақстандағы салық жеңілдіктері тым жомарт деген баға берген.
Дамыған елдерде салықтық жеңілдіктер инвесторларды тартатын, қызықтыратын аса бір қажетті тармақ болып саналмайды.
Осыған орай Мархабат Жайымбетов мынадай мәселелерді қарастыруды ұсынды:
- салықтық жеңілдіктерге толық ревизия жасап, шетелдік тәжірбиені қарап, алдымен 30 пайыздан астамын қасқарту қажет. Яғни, 150-ге жуық түрін қысқарту;
- ұлттық қордан қайта-қайта қомақты қаржы алмау үшін жиналған қаржыны тиімді басқару процесін жетілдіріп, квазисектордың таза пайдасын 100 пайыз бюджетке беру;
- ұлттық компаниялардың, әсіресе «Самұрық-Қазына» қорындағы тендерлерді бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесіне көшіріп, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңының қолданылу аясына ауыстыру.