Ұлттық қор акциялар есебінен 500 млрд теңгеге толықты

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық қор ҚазМұнайГаз және Қазатомөнеркәсіп компаниялардың акцияларын сатып алу есебінен 500 млрд теңгеден аса табыс тапты. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлім етті.

Фото: Мұхтар Холдорбеков/"ҚазАқпарат" ХАА

Оның айтуынша, 2023 жылы Ұлттық қор қаражаты есебінен 1,3 трлн теңгеге ҚазМұнайГаз акциялары сатып алынған.

«Бұл фискалдық мәселелермен байланысты болды. Дегенмен, бұл инвестиция екенін атап өткім келеді. Біз 1,3 трлн теңге инвестиция салдық, қазір бұл пакеттің құны шамамен 1,7 трлн теңге. Бұл Ұлттық қорға шамамен 400 млрд теңге қосымша табыс әкелді, жаман көрсеткіш емес», - деді Тимур Сүлейменов Мәжілістің жалпы отырысы барысында.

Одан бөлек, биыл шілдеде Ұлттық қор 467 млрд теңгеге Қазатомөнеркәсіп компаниясының акциясын сатып алған.

«Қазатомөнеркәсіп компаниясы да жақсы жұмыс істейді, оның акциялары бағаланады. Қазір бұл инвестиция 600 млрд теңгеге таяды. Бәлкім, бұл тұрақты құрал емес, оны пайдаланудың қажеті жоқ, соған қарамастан акциялар бойынша жасалған осы екі инвестиция Ұлттық қорға табыс әкелді. Бірақ, жүйелі құрал ретінде қолданудың қажеті жоқ, бұл тұрғыда депутаттармен келісемін», - дейді ол.

Қазанда Үкімет Ұлттық қор активтерін 100 млрд долларға ұлғайту жоспарымен бөліскен еді.