Игерілмеген қаражат дегеніміз не?
Ұлттық банктің түсіндіруінше, игерілмеген қаражат деп 18 жасқа толған қатысушылардың Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) арнайы шоттарына аударылған, бірақ әлі мақсатқа сай жұмсалмаған қаражат есептеледі.
Егер азамат бұл қаражатты 10 жыл ішінде пайдаланбаса, жинақ ерікті зейнетақы жарналарына арналған жеке зейнетақы шотына аударылады.
БЖЗҚ мәліметінше, бағдарлама іске қосылған 2024 жылғы 1 ақпаннан 2026 жылғы 1 шілдеге дейін 18 жасқа толған қатысушылардың шоттарына 239,2 млн АҚШ доллары аударылған. Оның 62,71 млн долларын қазақстандықтар 333 810 өтініш арқылы пайдаланған. Соның ішінде 41,01 млн доллар (216 060 өтініш) тұрғын үй жағдайын жақсартуға, 21,7 млн доллар (117 750 өтініш) білім алуға жұмсалған.
Kazinform тілшісінің БЖЗҚ деректері негізінде жасаған есебіне сәйкес, бүгінде бағдарлама аясында игерілмеген қаражат көлемі - 176,5 млн АҚШ доллары шамасында. Бұл қаржы әзірге БЖЗҚ-дағы арнайы шоттарда сақтаулы тұр.
Енді Ұлттық банк осы қаражатты иелері пайдаланғанға дейін уақытша инвестицияға салуды ұсынып отыр.
— Тәжірибе көрсеткендей, көптеген азамат кәмелет жасына толғаннан кейін нысаналы жинақты бірден пайдаланбайды. Сондықтан қаражат сұранысқа ие болғанға дейін оны тиімді басқару орынды деп санаймыз. Бұл қосымша инвестициялық табыс табуға және қаражаттың бастапқы мақсатына сай тиімді пайдаланылуына мүмкіндік береді, — деп хабарлады Ұлттық банктің баспасөз қызметі.
Қаражат қайда инвестицияланады?
Ұлттық банктің мәліметінше, қаражат АҚШ долларындағы бір күндік репо (overnight repo) операциялары арқылы ақша нарығына орналастырылады.
Бұл — бағалы қағаздарды кепілге қойып, қаражатты бір тәулікке орналастыру тетігі. Мерзімі аяқталған соң қаражат есептелген табыспен бірге қайтарылады. Кейін қажет болған жағдайда қайтадан орналастырылып отырады.
Ұлттық банктің пікірінше, бұл құрал - қаражатты басқаруға ең қолайлы тәсілдердің бірі. Себебі тәуекелі төмен әрі тұрақты табыс әкеледі.
— Бұл қаражат үшін ең маңызды талап — жоғары өтімділік. Өйткені азаматтардың нысаналы жинақты нақты қашан пайдаланатынын алдын ала болжау мүмкін емес. Сондықтан қаражат кез келген уақытта қолжетімді болуы керек, — деп түсіндіреді Ұлттық банктен.
Жаңа тетік қашан іске қосылады?
Жаңа инвестициялық тетік нақты қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз.
Ұлттық банктің мәліметінше, қазір бұл мәселе БЖЗҚ-мен бірлесіп техникалық және құқықтық тұрғыдан пысықталып жатыр. Жаңа тетікті енгізу мерзімі қажетті нормативтік құжаттардың қабылдануына және ақпараттық жүйенің дайын болуына байланысты болады.
Айта кетейік, «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы іске қосылған үш жыл ішінде 6,5 млн баланың шотына жалпы 2,3 млрд АҚШ доллары аударылған.