Ұлттық қор мен сырттан қарыз алу өсіп келеді – Ерлан Қошанов
АСТАНА. KAZINFORM — Енді Мәжіліс мемлекеттік органдардың ғана емес, квазимемлекеттік сектор мен бюджеттен тыс қорлардың да шығысы мен фискалдық міндеттемесін толық көріп отырады. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлім етті.
— Биыл өкінішке қарай бюджеттің кіріс бөлігін жоспарлау мен орындауда кеткен кемшіліктерге байланысты мәселе бар. Соның салдарынан Ұлттық қордан қаражат алу мен сырттан қарыз алу көлемі артып келеді. Депутаттардың бұл алаңдаушылығы орынды деп санаймын. Тиісті мемлекеттік органдар аталған мәселе бойынша қорытынды жасалулары керек. Жоғарыдағы сын-ескертпелердің біразы бұрыннан айтылып жүр. Бұл — жүйелі проблема. Олар жүйелі шешімді қажет етеді. Әрине, сынау да керек. Бірақ, осы мәселелердің қалай шешіліп жатқаны туралы да бүгін айтуымыз керек деп ойлаймын, — деді Ерлан Қошанов Мәжілістің жалпы отырысында.
Мәжіліс спикерінің мәлімдеуінше, депутаттар аталған мәселені заңнамалық деңгейде шешу үшін жыл бойы белсене жұмыс істеді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңа Бюджет кодексі әзірленді. Онда бұрыннан келе жатқан түйткілдердің дені ескерілген. Осылайша, жаңа Бюджет кодексі бұрынғы модельдің олқы тұстарын — бөлшектенуді, жариясыздықты және бақылаудың әлсіздігін жоюға бағытталған. Енді біз, депутаттар мемлекеттік органдардың ғана емес, квазимемлекеттік сектор мен бюджеттен тыс қорлардың да шығыстары мен фискалдық міндеттемесін толық көріп отырамыз. Бүкіл бюджет процесі цифрландырылып, ашық болады. Қаржылық тәртіп күшейе түседі, — деп мәлімдеді төраға.
Бұған дейін Ұлттық банк неге халыққа Ұлттық қорды басқару көрсеткіштері туралы ашық есеп бермей отырғаны туралы жазған едік.
Сондай-ақ Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов салық өндірудің төмендеуі Ұлттық қордан алынатын трансфертті көбейтуге мәжбүрлегенін айтты.