Ұлттық қордан балаға түсетін ақшаның көлемі мұнай бағасына байланысты бола ма
Ұлттық қордан бала шотына түсетін ақшаның мөлшері мұнай бағасы мен Ұлттық банктің инвестициялық саясатына байланысты болады. Қаржы министрлігінің бюджеттік кредиттеу, ұлттық қор және қаржы секторы мәселелері жөніндегі өзара іс-қимыл департаментінің директоры Айбол Арғынғазин ведомство ұйымдастырған брифингіде осында мәлімет айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Ұлттық қордан бала шотына түсетін ақша неғұрлым мол болу үшін қазақстандықтар мұнай қымбат болсын деп тілеуі керек пе?» деп сұрады журналист.
Департамент директоры мұндай сауалдың қисыны бар екенін айтады.
«Ұлттық қорға түсетін кіріс көзі бірнешеу. Ашығын айтқан кезде, оның басым бөлігі шикізат, минералды өнім экспорттаудың есебінен түсетін түсімдерден құралады. Ол біздің Салық кодексінде ашық көрсетілген. Сондықтан сөзіңіздің жаны бар. Мұнайдан, жалпы металлургиялық өнімдер экспортынан түсетін табыс артқан сайын, Ұлттық қордың да кірістілігі артады деуге болады», - деді Айбол Арғынғазин.
Сондай-ақ, ол Ұлттық қордың инвестициялық кірістілігі Ұлттық банктің жұмысына да байланысты екенін еске салды.
«Ұлттық қордың кірістілігі инвестициялық операциялардың қалай басқарылғанына да байланысты. Бұл операциялардың бәрін Ұлттық банк жүргізеді. Ұлттық қор Үкіметтің иелігінде болғанымен, Ұлттық банкке сенімгерлік басқаруға берілген. Оның бүкіл кірістілігіне, табысы қандай деңгейде болғанына, активтері қандай инвестиция құралдарына салынғанына Ұлттық банк жауап береді», - деді департамент директоры.