Ұлттық қордан валюта сату теңге бағамына ықпал ету мақсатында емес – ҰБ

Ұлттық қордан валюта сату операциялары теңге бағамына ықпал ету мақсатын көздемейді. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: ҚР Ұлттық банкі

«Ұлттық қордан валюта сату операциялары теңге бағамына ықпал ету мақсатын көздемейді. Біздің валюта нарығындағы әрекеттеріміз барынша ашық – сату көлемі алдын ала жарияланады және біркелкі жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде нарыққа тигізетін әсерін азайтады. Бір ай ішінде сату көлемі Қаржы министрлігі тарапынан сұратылған трансферт көлеміне сәйкес келетінін бөлек атап өткім келеді. Бұл деректер біздің сайтымызда бар. Қазан айында ішкі нарықта Ұлттық қордан сату Үкіметтің өтінімдері негізінде жүзеге асырылады», - деді ол.

ҰБ төрағасының орынбасары сонымен қатар, айналымдағы ноталар көлемінің біртіндеп қысқартылатынын атап өтеді.

«Ұлттық банк айналымдағы ноталардың көлемін біртіндеп азайтуды жоспарлап отыр. Келер жылдың басында ноталардың қазіргі екі шығарылымы бір нотаға шоғырландырылады. Ал 2024 жылғы 1-тоқсанның соңына қарай айналымдағы ноталар көлемін 500 млрд теңгеге дейін төмендету көзделген. Нарыққа шығарылатын ноталар көлемін біртіндеп азайту туралы жоспарымызды Ұлттық банк соңғы жылдары ұдайы хабарлап келеді. 2020 жылы жылдық ноталарды шығарудан бас тарта бастадық. 2022 жылы осы жұмысымызды жалғастыра отырып, 3 және 6 айлық ноталарды алып тастадық. Сөйтіп, 28 күндік ноталарды шығару жиілігін де қысқарттық», - деді Әлия Молдабекова.

Спикердің атап өтуінше, Ұлттық банк ноталарды 2016 жылы артық өтімділікті алу және тәуекелсіз кірістілік қисығының «қысқа» сегментін құру үшін шығара бастады. Ол кезде нарықта репо нарығында кепіл ретінде пайдалануға болатын бағалы қағаздар болмады.

«Бірақ қазір жағдай өзгерді – Қаржы министрлігі МБҚ-ны белсенді түрде шығарады, ал қисықтың «қысқа» сегменті құрылып қойды. Ұлттық банк өзінің негізгі функциясы – инфляцияны төмендетуге бағытталған ақша-кредит саясатын іске асыруды одан әрі жалғастырады. Алайда, біртіндеп өтімділікті алудың негізгі құралы – депозиттік аукцион болады», - деді ҰБ өкілі.