«2022 жылғы Тұжырымдамада Ұлттық қордан облигациялық қарыздар нысанында қаражат бөлудің мүмкіндігі қарастырылды. Соған сәйкес 2023 жылы темір жол учаскесінің құрылысын қаржыландыру үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның 336,5 млрд теңгеге бағалы қағаздары қосымша сатып алынды», - делінген Үкімет есебіне берілген баяндамада.
Құжатта 2023 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен 2022 жылғы Тұжырымдамаға мемлекеттік, квазимемлекеттік және жеке сектор субъектілерінің қазақстандық бағалы қағаздарын сатып алуға, акциялар пакеттерін, қазақстандық компаниялардың қатысу үлестерін сатып алуға, екінші деңгейдегі банктерді қорландыруға, ҰҚ-дан заңды және жеке тұлғаларға тікелей кредит беруге, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ акцияларын сатып алуды қоспағанда, активтерді міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде пайдалануға тыйым салатын толықтырулар енгізілгені жазылған.
«Жалпы, Ұлттық қордың бұрын салынған қаражатынан отандық компаниялардың («Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ) облигациялық қарыздарына түсетін сыйақылар түріндегі түсімдердің мөлшері төмен деңгейде қалып отыр. Бұл жағдай кірістілігі ұзақ мерзімді сипатқа ие әлеуметтік бағдарланған объектілер мен стратегиялық маңызы бар объектілердің құрылысына инвестициялар салумен түсіндіріледі. Есепті кезеңде мұндай қарыздар бойынша сыйақы ретінде Ұлттық қорға небары 73,2 млрд теңге түсті», - делінген Жоғары аудиторлық палатаның есебінде.