Ұлттық қордың табысынан балаларға аударылатын нысаналы жинақтар салықтан босатылмақ

Балаларға Ұлттық қордың табысынан аударылатын нысаналы жинақтар салықтан босатылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Салық кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздеген заң жобасын 1-оқылымда таныстырған депутат Мәди Тәкиев айтты, деп хабарлайды Kazinform. 

Фото: qazdauiri.kz

«Парламент депутаттарының бастамашылығымен әзірленген Cалық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі және оған ілеспе салық салу мәселелері бойынша заң жобалары ұсынылып отыр. Заң жобаларының негізгі нормалары Мемлекет басшысының кейбір тапсырмаларын және Конституциялық соттың шешімдерін жүзеге асыруды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталған. Біріншіден, бүгінгі күні барлығымызды толғандырып жүрген өзекті мәселелердің бірі халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту үшін жеке тұлғалардың берешегі микроқаржылық ұйымдармен, коллекторлық агенттіктермен кешірілген кезде қалыптасатын кірістерді салық салудан босату көзделіп отыр. Сонымен қатар жеке тұлғалардың проблемалық микрокредиттері есептен шығарылуына байланысты микроқаржы ұйымдарының кірістерін салық салудан уақытша, яғни үш жылға босату қарастырылып отыр. Екіншіден, негізгі заң жобасы аясында балаларға Ұлттық қордың табысынан аударылатын нысаналы жинақтарды салықтан босату ұсынылады», - деді Мәжіліс депутаты.

Оның атап өтуінше, үшіншіден, еліміздің азаматтары мен заңды тұлғалары сотқа жүгінгенде айқындалған мемлекеттік бажды төлеуге мүмкіндігі болмаған жағдайда, конституциялық құқығын толық пайдалануын қамтамасыз ету үшін осы төлемді кейінге қалдыру тетіктері көзделеді. Төртіншіден, екінші деңгейдегі банктердің Ұлттық банк ноталары бойынша салық салынатын кірісін азайтуға мүмкіндік беретін құқығын алып тастау жоспарланған. Мұндай қадам оларды бос қаражаты есебінен экономиканың нақты секторын, оның ішінде бизнесті кредиттеуге бағыттайды деген сеніммен жасалған.

«Бесіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес барлық арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыру мақсатында олардың қатысушыларына салықтық жеңілдіктер берудің сараланған тәсілін енгізу ұсынылады. Одан бөлек, Евразиялық экономикалық одақ аясында алкоголь және темекі өнімдеріне акциздердің ставкаларын кезең-кезеңімен арттыру жұмысы аясында сыра қайнату өнімдеріне акциздер ставкаларын литріне 79 теңгеден 90 теңгеге дейін көтеру жоспарланып отыр. Сонымен қатар негізгі заң жобасы аясында салықтық әкімшілендіруге қатысты қолданыстағы Салық кодексінің кейбір нормалары нақтыланды. Оның ішінде жеке тұлғалардың кірістері мен мүліктерін жалпыға бірдей декларациялау науқанының алғашқы екі кезеңінің өту нәтижелерін ескере отырып, алдағы декларациялау үрдісіне біраз жеңілдіктер енгізетін нормалар қарастырылған», - деді Мәди Тәкиев.