Ұлттық қорға тікелей салық аударатын мұнай ұйымдарының саны 8,5 есе қысқарып кеткен
АСТАНА. KAZINFORM — Жоғары аудиторлық палата жүргізген аудит 2024 жылы Ұлттық қорға тікелей салық аударатын мұнай ұйымдарының саны 8,5 есе қысқарып кеткенін анықтаған. Палата мүшесі Нұрлан Нұржанов Мәжілістегі отырыста осындай дерек келтірді.
— Ұлттық қордың активтері 2024 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-нің 20 пайызын ғана құрады. Бұл — соңғы 15 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Жалпы Ұлттық қордың қаражаты соңғы 10 жылда республикалық бюджеттің орта есеппен 30 пайызын, оның ішінде 2024 жылы 23 пайызын қамтамасыз етті. Ұлттық қорға 2024 жылы түскен салық 3,8 трлн теңге болса, республикалық бюджетке алынған трансферттер көлемі 5,6 трлн теңге болды. 40 пайыз өскен, — деді ол.
Алайда, қор активтерін басқарудан түскен кіріс 5 трлн теңге болып, жалпы оң балансқа әсер еткен.
— Ұлттық қорға 2024 жылы түскен тікелей салық 2023 жылмен салыстырғанда 16 пайыз төмендеген. Ұлттық қорға тікелей салық төлейтін мұнай ұйымдарының 2024 жылға арналған тізбесі 8,5 есе қысқарып, 166 млрд теңге түспей қалған. Осының салдарынан Ұлттық қордың активтерін 2030 жылға дейін 100 млрд долларға жеткізу туралы мақсаттың орындалмауына елеулі тәуекелдер туындап отыр, — деді палата мүшесі.
Сондай-ақ, ол Үкімет былтыр бюджеттің шығыс бөлігін 13 рет өзгерткенін атап өтті.