Ұлттық кітапхана Мұхтар Әуезов кабинеті жабылды деген ақпаратты жоққа шығарды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасы әлеуметтік желілер мен БАҚ-та тараған «Мұхтар Әуезовтің ғылыми кабинеті жабылды» деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды.
Мекеменің хабарлауынша, 2014 жылы Ұлттық кітапхана мен жазушының отбасы мүшелерінің бастамасымен ашылған Мұхтар Әуезовтің ғылыми кабинеті қазір өз жұмысын жалғастырып келеді.
— Кабинеттің мақсаты — жазушының бай шығармашылығын зерделеу және әдеби мұрасын насихаттау. Кабинетте Мұхтар Әуезовтің кітаптары мен оның шығармашылығына арналған әдебиеттер жинақталған, — делінген Ұлттық кітапхана мәлімдемесінде.
2025 жылғы қыркүйекте Мұхтар Әуезовтің немересінің бастамасымен қала әкімдігі Мұхтар Әуезов атындағы кітапхананы құру туралы шешім қабылдады. Мәдениет басқармасының басшылығымен және қала әкімінің орынбасарымен келісім бойынша жазушының есімі «Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КМҚК-нің № 4 кітапхана-филиалына берілді.
— Мұхтар Әуезовтің атындағы кітапхананың ашылуы алдында Ұлттық кітапханадағы жазушының ғылыми кабинетіндегі уақытша сақтауға тапсырылған жеке заттары мен кітаптары осы кітапханаға тапсырылды, — делінген хабарламада.
Ұлттық кітапхана қазіргі таңда Мұхтар Әуезовтің ғылыми-зерттеу кабинеті экскурсиялық бағытқа енгізілгенін және ол қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана ашылғанын жазғанбыз.
Салтанатты рәсім кезінде Мұрат Әуезовтің жеке мұрағатынан алынған кітаптар Алматы қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесіне тапсырылды. Сондай-ақ Әлкей Марғұланның бұрын жарияланбаған «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер» атты кітабының тұсаукесері өтті.