Ұлттық кітапханада ұмытылған мерекеге арналған іс-шара өтті - шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Өзбекстанда электромобильдер импорты күрт қысқарды - ӨзА
Соңғы жылдары Өзбекстанда заманауи электромобильдер өндірісінің жолға қойылуы елдің көлік нарығына жаңа серпін берді. Отандық өнімге деген сұраныстың артуы нәтижесінде республикаға шет елдерден әкелінетін электромобильдер импорты айтарлықтай төмендей бастады.
Бұл туралы осы аптада «ӨзА» ақпарат агенттігі хабарлады.
Хабарламада айтылуынша, бірнеше жыл бойы электромобильдер импорты жоғары қарқынмен өсіп, бұл ішкі сұраныстың қажеттілігін өтеуге бағытталған болатын. Алайда жағдай біртіндеп өзгере бастады. 2025 жылдың қараша айында Өзбекстанға электромобильдер импорты соңғы бес айдағы ең төмен деңгейге түсті.
Бұл туралы Кеден комитетінің ресми сайтында мәлімделді.
Ресми деректерге сәйкес, қараша айында елге барлығы 4 597 электромобиль импортталып, олардың жалпы құны 68,2 миллион долларды құраған. Салыстыру үшін айтсақ, қазан айында 6 933, ал қыркүйекте 11 534 электромобиль шетелден әкелінген.
Сарапшылар бұл үрдісті елдегі отандық өндірістің нығаюымен, сондай-ақ тұтынушылардың сапалы әрі технологиялық тұрғыдан жетілдірілген модельдерге бет бұруымен байланыстырады.
Байырғы жылқы терісінен жасалған қар шаңғы қайта жаңғыртылып жатыр - CNR
Алтай өңірінде ежелден көшпенді халықтар қыста таулы аймақтарда аң аулау мен қатынас үшін жылқы терісімен табандалған байырғы қар шаңғыны пайдаланған. Осы дәстүрді бүгінге дейін жалғастырып келе жатқан Алтай аймағы Ласты ауылының малшысы Сыланбек Сақышұлы – тері табанды қар шаңғы жасаудың үшінші ұрпақ мұрагері. Бұл туралы Қытайдың Орталық халық радиосы ақпараттық порталында жарияланған болатын. Сол ақпаратты оқырман назарына ұсынғанды жөн санап отырмыз.
Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, Сыланбек Сақышұлы 2010 жылы автономиялы өлке деңгейіндегі материалдық емес мәдени мұраның уәкілдік мұрагері ретінде бекітілген.
Алтай Генерал тауы халықаралық қар шаңғы сейіл-серуен районында өткен таныстырылымда Сыланбек Сақышұлы тері табанды шаңғының ерекшелігін тікелей көрсетті. Қар шаңғы жаттықтырушысы Шие Лин бұл шаңғының беткейге көтерілуде кері сырғанамайтынын, таулы жерге өте қолайлы екенін атап өткен.
Мамандардың айтуынша, байырғы тері табанды қар шаңғы негізінен жылқының пұшпақ терісінен жасалады. Жүн бағыты артқа қаратып бекітіліп, бұл шаңғының өрге шыққанда артқа қарай таймай жүруіне мүмкіндік береді.
CNR-дың мәліметінше, аталған шаңғы үлгілері 2023–2024 жылдар аралығында өтетін көрмеде көпшілік назарына ұсынылған. Көрмеге Сыланбек Сақышұлы ұлы Қуанышбек Сыланбекұлымен бірге қатысып, Алтайдың дәстүрлі мәдениетін таныстырған.
ҚазҰУ-де қазақ халқының жадынан шығып кеткен мерекесіне арналған іс-шара өтті – ParsToday
Parstoday ақпарат агенттігінің хабарлауынша, 15 қарашада Қазақстан республикасы Ұлттық кітапханасында Алматы қаласындағы Иран Ислам Республикасы Бас Консулдығының ұйымдастыруымен жылдың ең ұзақ түні – Ялда түні мерекесіне арналған мерекелік шара өтті, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.
Ирандық БАҚ-тың дерегінше, бұрын ежелгі түріктер қысқы күн тоқырауы қарсаңында, яғни 22 желтоқсанда Нартуған мерекесін тойлаған. Бұндағы «нар» сөзі нені білдіреді? Қазақта бүгінде қасиетті сәулені «нұр» дейді, ежелде «күн» ұғымын «нар» деп атаған, бертін келе бұл сөз арабтың «нұр» сөзімен алмасты. Нартуған мерекесі бүгінде қазақ халқының жадынан шығып кеткен десе де болады. Бұл мерекені бүгінде түркі халықтарының ішінде еміс-еміс чуваш халқы ғана біледі.
Сондай-ақ мажар халқы да ата-баба салтын ұмытпай, әлі күнге дейін Европаның төрінде «корачун» деген атаумен тойлап жүр. Соңғы кездері татар, башқұрт халықтары да қалпына келтіре бастады. Ал Иранда Ялда мерекесі деп аталып, аталған елде жалпы халықтық сипатқа ие. 2008 жылы Иранның ұлттық қазынасы тізіміне енгізілген.
Кешті Қазақстан Ұлттық кітапханасы директоры Ғазиза Құдайбергенқызы ашып, Шығыстану факультетінің магистранты, аудармашы Гаухар Омарханова «Ялда түні - Нартуған» мерекесіне орай әдебиеттерге шолу» атты баяндама жасады. Іс-шарада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың шығыстану факультетіндегі ирантану бөлімінің студенттері парсыша ән айтып, өлең оқыды.
Сондай-ақ апта соңында ParsToday басылымында «Қазақстан елшісі: Астана мен Тегеран арасындағы мәдени байланыстар мыңдаған жылдарға созылады» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
ParsToday хабарлауынша, Тегерандағы Қазақстанның елшісі Оңталап Оңалбаев бейсенбі күні кешке, Иранның солтүстігінде орналасқан Горган қаласында өткен 17-ші халықаралық этникалық мәдениеттер фестивалінің үшінші кешінде Иран мен Қазақстан арасындағы тарихи және мәдени байланыстары туралы пікірін білдірген. Оның айтуынша, екі ел арасында тығыз достық пен сүйіспеншілік бар, және бұл қарым-қатынастар терең мәдени жақындыққа ие.
Сонымен қатар елші екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастарға тоқтала отырып, Масуд Пезешкианның Қазақстанға ресми сапары екі ел үшін дипломатия, саясат және мәдениет салаларында жемісті және құнды нәтижелер әкелгенін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, ол еліміздің сыртқы саясатына тоқталып, Қазақстан тәуелсіз саясат жүргізетін тәуелсіз ел және Иранды саяси және мәдени салалардағы маңызды серіктестерінің бірі деп санайтынын айтқан.
ҚМДБ Төрағасы шетелде оқитын жастардың дін мен дәстүр сабақтастығын ұстануы аса маңызды екенін баса айтты - Eurasia Today
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Каир қаласында білім алып жүрген қазақстандық студенттермен кездесті, деп хабарлайды Eurasia Today ақпарат агентті.
Аталған БАҚ-тың Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлауы бойынша, кездесу Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының Мысыр Араб Республикасына жұмыс сапары аясында өткен.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Әл-Азһар университетінің оқу ғимаратында өткен кездесу барысында қазақстандық студенттерге алған білімдерін тиімді пайдалану мәселелері төңірегінде тағылымды насихат айтып, жастарды білімге, еңбекке және имандылыққа шақырды.
Сондай-ақ, Наурызбай қажы Тағанұлы шетелде білім алып жүрген жастардың ұлттық болмысын сақтауы, дін мен дәстүр сабақтастығын ұстануы аса маңызды екенін баса айтқан.
Ежелгі қытайлықтар қыстан қалай шыққан? – Халық газеті
Ежелгі қытайлықтар қыстан қалай шыққанын білесіз бе? Олар жылыну үшін хош иісті шамдар тұтатып (негізінен сарайда қолданылған), қол жылытқыш мыс пештер (алақанға салып немесе жеңге жасырып ұстауға болатын) ұстап және жамылғы киген, деп жазады Халық газеті.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, олар сондай-ақ өзен жағасында балық аулап, от жағып, айналаның көрінісін тамашалаған, қар арыстанын жасап ойнаған. Сол арқылы қыстың ызғарын көктемдей шуақты еткен.
Сонымен қатар осы аптада Халық газеті басылымында «Ганьсу Увэй кокстерін тиеген пойызы Қазақстанға бет алды» деген ақпарат жарық көрді.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, 17 желтоқсан күні Ганьсу (Увэй) халықаралық құрлық портының арнайы теміржол желісінен 31 вагон жоғары сапалы кокс тиеген пойыз Қазақстанның Алтынкөл қаласына бағыт алды.
Келітірілген мәліметтерге сүйенсек, бұл кокс тиелген пойыз тасымалы Увэй салықтан босатылған логистика орталығы мен «Бір белдеу, бір жол» елдерінде салынған салықтан босатылған шетел қоймаларына сүйеніп, тауарлардың ел-іші сыртындағы салықтан босатылған аймақтар арасында тікелей айналымын қалыптастырады. Сол арқылы экспорттық тауарларды шетелдегі салықтан босатылған қоймаларда сақтап, төлем алынғаннан кейін кедендік рәсімдерді жасап, жеткізіп беру жүйесін жүзеге асырады. Бұл кәсіпорындардың капитал шығынын азайтумен қатар, экспорттық кәсіпорындардың негізгі мүдделерін қорғайды.
Түркі тілдері отбасының халықаралық күні Анкарада аталып өтті - TRT
ЮНЕСКО түркі тілдерін «дүниежүзілік құндылық» ретінде ресми түрде танығаннан кейін 15 желтоқсан Түркі тілдері отбасының халықаралық күні ретінде Анкарада Түрік Тілі Қоғамы ұйымдастырған халықаралық панельмен алғаш рет аталып өтті.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Аталған БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, ЮНЕСКО-ның 2025 жылы 3 қарашада өткен 43-бас конференциясында қабылданған тарихи шешіммен түркі тілдері «ежелгі өркениеттік мұра» ретінде мойындалған еді. Осы шешімнен кейін Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі және Түрік Тілі Қоғамының бастамасымен өткен іс-шараға мемлекеттік қызметкерлер, ғалымдар және түркі мемлекеттерден келген дипломатиялық өкілдер қатысты.
Іс-шараның ашылу рәсімінде Мәдениет және туризм министрінің орынбасары доктор Сердар Чам түрік тілінің тек қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен бірге ұлы өркениеттік көпір екенін атап өтті. Ол Анкарада жағылған осы шырақтың түркі әлеміндегі мәдени ықпалдастықты жеделдететінін айтты.
Түркиялық басылым бұл жазбасында ары қарай «Түрік тілі исламнан кейін де өз болмысын сақтады», «Өркениет жазудан басталады: атау қателігінен бас тарту қажет» және «160 миллиондық тәуелсіз күш және мәдени сананың маңызы» деген тақырыптар бойынша тоқталған.