Ұлттық құндылықтар – елдігіміздің айрықша нышаны, бірегейлігіміздің негізі – Сенат төрағасы
Ұлттық бірегейлікті сақтауда тарихымызды жүйелі дәріптеу аса маңызды. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Әлемде қазір әртүрлі күрделі үдерістердің белең алып тұрғанын білесіздер. Осы кезде ұлттық бірегейлікті сақтау, тарихи тамырымыздан ажырамау, жалпы айтқанда, қазақы қалыптан айнымау өзекті мәселеге айналып отыр. Бұл ретте, өздеріңіздей азаматтардың жастарға беретін үлгі-өнегесінің маңызы зор деп білеміз. Жалпы, ұлттық құндылықтар – елдігіміздің айрықша нышаны, бірегейлігіміздің негізі. Сондықтан Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарымызды сақтауға, дамытуға және дәріптеуге үлкен мән беріп келеді», - деді М. Әшімбаев Сенаттағы «Ұлттық мүдде» диалог алаңы отырысында.
Осы орайда Сенат төрағасы Мемлекет басшысы бұл мәселеге Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында кеңінен тоқталғанын еске салды.
«Бұл ретте, біздің ұлттық құндылықтарымыз, ең алдымен, тілімізге, тарихымызға, мәдениетімізге, дәстүрімізге және ата дінімізге табан тірейтіні анық. Сондықтан біз бірегейлігімізді сақтауда осыларға басымдық беруіміз керек. Тіл – ұлттық дүниетанымның өзегі. Тіл болмаса, ұлттың өзіне тән келбеті жойылады. Қазіргі кезде елімізде тілімізді тұғырына қондыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келе жатыр. Алдағы уақытта ол жұмыстарды одан әрі жандандыруымыз қажет. Сонымен қатар, ұлттық бірегейлікті сақтауда тарихымызды жүйелі дәріптеу де аса маңызды. Тарих – ұлттың тағдыры. Онда біздің қиын да қилы жолымыз айқын көрініп жатыр. Біз одан тағылым алып, сол арқылы бүгінімізді байыптап, болашағымызды бағдарлаймыз. Сол себепті, тарихты әрдайым терең білуге, оны сақтауға, әсіресе, өскелең ұрпаққа кеңінен дәріптеуге міндеттіміз», - деді Мәулен Әшімбаев.
Бұл тұрғыда ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен бір топ сенатор ашаршылық тақырыбы бойынша біраз архив құжаттарын жариялағанын атап өтті. Қазіргі дейтін жеті том жинақ әзірленді. Бұл жұмыс жалғасады.
«Мұның бәрі – ұлттық сананы жаңғыртудың тиімді құралдары. Сондай-ақ, мәдениетімізді және дәстүрімізді сақтауға да айрықша назар аударған жөн. Бұлар – біздің ұлттық ерекшелігімізді айқын көрсететін құндылықтар», - деді Сенат төрағасы.