Ұлттық құрама бапкері орнында қала ма – ҚФФ ресми мәлімдеме жасады

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфиновқа қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме берді.

Фото: ҚФФ

Ресми мәлімдемеге сәйкес, бірқатар БАҚ-та жарияланған бапкердің қызметінен кетуі мүмкін деген хабарлар шындыққа жанаспайды. Федерация өкілдері бұл мәліметтің жалған екенін нақтылады.

– ҚФФ Талғат Маруаұлы Байсуфиновқа толық қолдау білдіреді және оның кәсіби қызметін, Қазақстан ұлттық құрамасын дамытуға қосқан үлесін, сондай-ақ команданы алдағы матчтар мен турнирлерге дайындау бағытындағы жұмысын жоғары бағалайды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін, блогерлерді және әлеуметтік желі қолданушыларын тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге және қоғамды жаңылыстыруы мүмкін расталмаған ақпаратты таратпауға шақырамыз.

Кадрлық шешімдерге қатысты барлық ақпарат Қазақстан футбол федерациясының ресми коммуникация арналары арқылы ғана жарияланады, - делінген хабарламада. 

Еске сала кетейік, бұған дейін футболдан Қазақстан құрамасы сырт алаңда өткізген жолдастық кездесуде Армениямен тең түскенін хабарлағанбыз.